Алматыда «Жеңістің естелігі: ұрпақтар мен халықтар бірлігі» конференциясы өтті
Алматыда Жеңістің 80 жылдығына арналған
«Жеңістің естелігі: ұрпақтар мен халықтар бірлігі» атты Қазақстан-Ресей конференциясы өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Абзал Нүкенов, еліміздің Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қатысты. Сондай-ақ Ресей Федерациясы Президентінің шет елдермен аймақаралық және мәдени байланыстар жөніндегі басқармасы басшысының орынбасары Антон Рыбаков, Ресейдің Жастар ісі жөніндегі федералдық агенттігі басшысы Григорий Гуров келді. Екі елдің ғалымдары мен сарапшылары, сондай-ақ белсенді жастары да сессияларға қатысып өзара пікір алмасты.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева конференцияға қатысушыларды Жеңіс күнімен құттықтап, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың соғысқа қатысқан батырларға деген құрметін жеткізді. Қазақстандықтар жауынгерлік ерлігімен қатар мәдениет саласында да үлкен рөл атқарды. Соғыс жылдарында қазақстандық концерттік ұйымдар 36 525 рет өнер көрсетті. 528 қазақстандық Кеңес Одағының батыры атағын алды. Майданға жіберілген шығармашылық ұжымдар жауынгерлердің рухын көтерді. Қазақ киносы да осы кезеңде дами бастады. Сонымен қатар Жамбыл Жабаевтың «Ленинградтық өренім!» өлеңі кеңінен танылып, халықтың рухын көтеруге сеп болды», деді министр.
Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
- «Ұлы Жеңіс жүздеген миллион адамның өлшеусіз үлесінің нәтижесі. Оны нақты санмен немесе құн ұғымымен бағалау мүмкін емес. Қазақстандық тарихшылардың мәліметінше, 1941 жылғы 22 маусым мен 1945 жылғы 31 желтоқсан аралығында 1 196 164 адам әскерге шақырылған. Бұл республика халқының әрбір бесінші тұрғыны!
Қазақстанның ортақ Жеңіске қосқан үлесі өлшеусіз.«Бұл конференция екі елдің өзара байланысын нығайтудың маңызды қадамы. Біз майдангерлер мен тыл еңбеккерлеріне құрмет көрсетіп, батырларымыздың ерлігімен мақтанамыз. Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық әріптестіктің іргетасы берік. Мұндай басқосу екі елдің достық байланысын нығайтуға және тарихи мұраны бірлесіп сақтауға деген ұмтылысын көрсетеді.
Абзал Нүкенов, ҚР Президенті әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі:
«2025 жыл маңызды оқиғамен ерекшеленеді – бұл Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы. 9 мамыр – жай ғана тарихи белес емес, бұл ерекше күн, қайғы мен қуанышқа толы дата. Ол бізге бейбітшіліктің бағасы мен бірліктің қуатын еске салады».
Антон Рыбаков, РФ Президентінің шет елдермен аймақаралық және мәдени байланыстар жөніндегі басқармасы басшысының орынбасары:
"Қазақстан жеріне келген алғашқы сәтте қазақ халқының шынайы жылуы мен қонақжайлығын сезіндік. Ресей-Қазақстан ынтымақтастығы жастардың гуманитарлық жобаларында өзара тиімді әрі ұзақ мерзімді серіктестіктің үлгісі болып табылады. Бұл ортақ мақсаттарға жетуге, сенімді нығайтуға бағытталған маңызды қадам."
Жиын барысында тараптар 2025 жылға арналған Қазақстан-Ресей гуманитарлық ынтымақтастығы саласындағы іс-шаралар жоспарына қол қойды. Мерейтой қарсаңында тараптар акциялар, форумдар, мәдени шаралар секілді бірқатар бірлескен жобаларды ұйымдастыруды көздеп отыр.
Алмас Садуақас, Кенже Амраев