Елордада «Көсем 2025» форумы өтті
Елордада жас көшбасшылар бас қосты.
«Көсем 2025» форумында Ұлытаулық оқушыларға тұлғалық дамудың, жасанды интеллект дәуірінде технологияның саясында қалмай, білікті маман болудың маңызы түсіндірілді. Шараға «The Ulytau Educational Foundation» қоғамдық қайырымдылық қоры ұйытқы болды.
Көшбасшылық қабілетті бала кезден дарытуға болады. Елордадағы Канада халықаралық мектебінің оқушылары соны дәлелдеп жүр. Өрендер Балқаш пен Жезқазған қалаларындағы құрдастарын жинап, тұлғалық дамудың маңызына қанықтырды. 12-сынып оқушысы Аружан Мәлік көшбасшы болу үшін әр адам өзінің үздік қырын тани білу керек дейді.
Аружан Мәлік, Астанадағы Канада халықаралық мектебінің үздік оқушысы:
- Менің достарым көшбасшылық қабілетінің арқасында түрлі жобаларды жүзеге асырып жүр. Біздің бөлісер тәжірибеміз көп. Өзім де 200-ге тарта оқушының үздік қырын дамытуға бағытталған жобаны қолға алдым. Ауыл-аймақтан келген балалар шетелдік гранттарды ұтып алды. Кәсіпкерлік, тұлғалық дағдыларын дамытуға мүмкіндік алды. Бүгінгі форум да қонақтарымызға пайдалы боларына сенімдімін.
"Көсем 2025" форумын алғаш рет "The Ulytau Educational Foundation" қоғамдық қайырымдылық қоры ұйымдастырды. Мұндағы мақсат - жасанды интеллект дәуіріндегі жастардың беделін айқындау, компаниялар мен білім беру ұйымдарының серіктестігіне себеп болу, қоғамдағы көшбасшы жастардың қатарын арттыру.
Гүлмира Жаппасова, «The Ulytau Educational Foundation» қоғамдық қайырымдылық қоры аймақтық өкілдігінің басшысы:
- Қазақстанның 3 облысында жұмыс жасап жатыр. Индустрия деп отырғаным, кәсіпорынның болашақ мамандық таңдаудағы дұрыс жолын таңдауға балаларға көмек беру барысында кәсіби бағдар беру.
Ауқымды шараның жұмысшы мамандықтар жылында ұйымдастырылуы бекер емес. Тараптар еліне адал қызмет ететін жасампаз жастардың қатарын арттыруға ниетті.
Мерей Мұратханқызы, Мадияр Қындыбаев