Абай облысындағы орман өрті оқшауланды

Абай облысындағы орман өрті оқшауланды, деп хабарлайды 24KZ. Қызыл жалын бір күннің ішінде 500 гектар жерді шарпыған. Қазір 450-ге тарта маман мен 130-ға жуық техника тілсіз жаумен күресіп жатыр. Өскемен және Павлодар қалаларынан арнайы техника мен жеке құрам көмекке келді. Өрт Бесқарағай ауданы Қоянбай ауылының маңынан тұтанып, орман алқабына тараған.

Рүстем Қайратұлы, тілші:

- Дәл қазір біз орман өртіне жақын орналасқан Морозов орман шаруашылығындамыз. Дәл осы жерде арнайы штаб құрылған. Біз оқиға орнына кеше түнде келдік, түнімен өрт сөндірушілері тілсіз жаумен арпалысты, әлі жұмыс істеп жатыр. Орман өртімен күреске Төтенше жағдайлар департаменті, «Семей орманы» резерватының орманшылары, полиция қызметкерлері жұмылдырылған. Павлодар және Өскемен қалаларынан жеке құрам да көмекке келіп жетті. Жағдайды бақылау үшін Абай облысының әкімі Берік Уәли осында келді. Кеше түнде жедел штаб отырысын өткізіп, бүгін таңертең жағдайды тікұшақпен төбеден бақылады. Облыстық ТЖД–ның мәліметінше, қазір орман өртінің таралуы тоқтаған. Бұл туралы бізге Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстарын ұйямдастыру басқармасының бастығы Алмас Әрінов айтты.

Кеше түстен кейін басталған орман өрті 500 гектардан астам жерді шарпып үлгерді. Қазір күн бұлтты арасында жауын жауып өртті сөндіруге қолайлы жағдай жасады.

Айта кетейік, қазір отпен күреске 130 техника, 450 ден астам адам жұмылдырылған. Өрт сөндірушілер мен орманшылар 3 уақыт ыстық тамақпен қамтылды.Ең бастысы жақын жердегі елді мекендерге, яғни тұрғындарға ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Қазір өрттің таралуы тоқтады. Енді жұрт оқшауланып, толық сөндірілді деген хабарды күтіп отыр.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов