«Орталық – Батыс» жолының бойында қызмет көрсету нысандары көбейеді
«Орталық – Батыс» күрежолының құрылысы Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында шағын және орта бизнестің дамуына тың серпін береді, деп хабарлайды 24KZ. Республикалық дәліз бойында ондаған қызмет көрсету нысандары салынады. Бұл жобаға қызығушылық танытқан кәсіпкерлер жер телімдерін рәсімдеуге ниет танытып отыр.
«Астана – Арқалық – Торғай – Ырғыз – Ақтөбе» республикалық жолы дәл осы жерде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізімен қиылысады. Қазір мұнда шамамен үш мыңнан астам көлік өтсе, болашақта жолаушылар саны екі немесе үш есе артуы тиіс. Бұл өңірдің логистикалық әлеуетін арттырары сөзсіз.
Бұл өз кезегінде жол бойындағы туристтік нысандардың дамуына жағдай жасайды. Мәселен, бұл кемпингке қазір тәулігіне 500-ге жуық жолаушы ас ішуге бас сұғады. Қонақ үйге де тоқтайтындар аз емес. Жақын арада жаңа жол құрылысы басталатынын естіген кәсіпкер қосымша қызмет түрін ашуды жоспарлап қойған.
Светлана Башенова, кемпинг әкімшісі:
- Біз үшін бұл қуанышты хабар болды. Табысымыз артары сөзсіз. Сондықтан болашақта дөңгелек жөндеу орны мен техникалық қызмет көрсету станциясын салуды жоспарлап отырмыз.
Қазір Ырғыз ауданында 18 кәсіпкерлік нысан жол бойында қызмет көрсетеді. Барлығы бірдей «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізінде орналасқан. «Торғай – Ырғыз» жолының құрылысы басталса, шалғай жатқан ауыл-аймақта да мұндай туристтік нысандар көп ұзамай пайда болады.
Игорь Тұртаев, Ырғыз аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Қазірдің өзінде осы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» бойында да 4-5 азамат жер телімін алды. Кемпингтер салу, қоғамдық тамақтандыру орындарын салуға. Әлі де мына жол енді түсіп, жасайтын болса, жобасында көрсетілген қай жерге кемпинг түседі, қай жерге қоғамдық тамақтандыру орындары түседі, қай жерге техникалық қызмет көрсету орындары түседі. Сол бойынша қызығушы азаматтардан ұсыныстар түседі деп ойлаймыз.
Астананы Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы Ақтөбемен байланыстыратын дәліз жүк тасымалы мен жолаушылар қатынасын айтарлықтай жеделдетеді. Жобаға сәйкес бұл бағыт Қостанай қаласы арқылы өтетін айналма жолдан 560 шақырымға қысқа. Жүргізушілер мен жолаушылар қазіргі жолдың сапасы да сын көтермейтінін айтады.
Сауалнама:
- Қостанай арқылы келе жатырмыз. Жолдарды қарасақ, енді кейбір жолдары жаман. Көбін айтып жамандағым келмейді. Бірақ әрбір Қазақстанның жері, кең даламыз осылай көркейе берсе, өзімізге жақсы.
- Жол нашар. Келмейді жүруге. Жаймен жүріп келе жатырмыз. Астанаға былтыр жазда 20 сағатта бардым. Қостанайға дейін жол нашар.
Ырғыз ауданынан «Орталық – Батыс» күрежолының 170 шақырымы өтеді. Республикалық дәліздің бұл бөлігінде 3 елді мекен бар. Болашақта «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық жолымен қиылысар тұсында тағы бір ауыл салынады деген жоспар бар.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов