Қарағандылық коллекционер 10 жылдан бері ерекше қару-жарақ түрлерін жинайды

Колекционерлер марка, тиын немесе басқа да құнды заттар жинаса қарағандылық Бауыржан Жүнісов қару-жараққа құмар. Ескінің көзіндей дүниелер әр дәуірдің тарихын әйгілейді.

Коллекционердің өзі: «Қару-жарақ жинау еріккеннің ермегі емес», - дейді. Оның қоймасында тапанша мен автоматтың бірнеше түрі бар.

Мерей Қанапия, тілші:

- Бауыржан Жүнісов 10 жылдан бері ерекше қару-жарақ түрлерін жинайды. Коллекциясында XX ғасырдың басында шығарылған «Револьвер» тапаншасынан бастап, қазіргі АК-103 Калашников автоматына дейін бар. Басым бөлігі екінші дүниежүзілік соғыста, одан бергісі Ауған шайқастарында қолданылған.  

Мерей Қанапия, тілші:

- Бауыржан мырза, бұл жерде қанша қару-жарақ түрі бар?

Бауыржан Жүнісов, коллекционер:

- 6 пистолет, 1 пистолет-пулемет және 9 автомат бар.

Мерей Қанапия, тілші:

- Осы тапаншалардың ішіндегі ең қымбаты қайсысы?

Бауыржан Жүнісов, коллекционер:

- Наган револьвері. Бұл – 1935 жылғы револьвер. Яғни, тарихи құндылығы бар.

Мерей Қанапия, тілші:

- Бұл сонда жылдары ескірген сайын қымбаттай бере ме?

Бауыржан Жүнісов, коллекционер:

- Иә. Құндылығы өседі. Сирек кездесетін заттар ғой.

Мерей Қанапия, тілші:

- Негізі әр тапанша, әр қару-жарақтың өзінің құжаттары бар ия?

Бауыржан Жүнісов, коллекционер:

- Иә, әр қарудың жеке паспорты, номері бар. Онсыз жүруге болмайды. Қарудың лицензиясы, рұқсаты, медициналық справкалары алынады.

Иә, қаруды сақтауға да, жинауға да темірдей тәртіп керек. Қанша жерден құжаты болса да, коллекционер үнемі Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен полицияның бақылауында тұрады. Тіпті ол өз коллекциясына қатысты ақпаратты жан-жақты білу үшін арнайы заңгерлік оқу оқыған.

Бауыржан Жүнісов, коллекционер:

- Тарихи құндылық қой бұл.Көненің көзі. Екі басты бағыт бар мұны жинаудың. Бұл – балалармен жұмыс істеу. Әскери-патриоттық бағытта балаларға қару сауаттылығын, қару мәдениетін үйрету балаларға. Және екіншісі кино саласында қолдану. Кино түсіргенде осы тапанша, қарудың барлығы қауіпсіз. Шынай оқпен атпайды. Адамға зияны жоқ.

Бауыржанның коллекциясындағы қару-жарақтардың құны 400 мыңнан бастап, 3,5 млн теңгеге дейін барады. Әрқайсының өзіндік тарихы, таңбасы бар.

Бауыржан Жүнісов, коллекционер:

- АКС 74 қазір ДШБ-да қолданылады. Одан кейінгісі АКС-УБ автоматы. Қазір полицияда, күзетте қолданылады. Бұл экземпляр 1993 жылғы. Бұл енді АК-ның 100-ші серияларының бірі. Бұл АК-103. Арнайы жасақтарда қолданылады.

«Қару-жарақ коллекциясын жинауға үлкен төзім қажет», - дейді Бауыржанның өзі. Мұны үнемі майлап, тазалап отыру да оңай жұмыс емес. Қауіпсіздік те маңызды. Содан соң шекаралық бақылаудан өткізу, анықтама құжаттарын алу әрі үздіксіз тексеріске де дайын болуың керек.

Авторлары: Мерей Қанапия, Сайлау Игіліков