ШҚО-да құтқарушылар автопаркі жаңа 65 техникамен толықты

Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары жаңа 65 техникамен толықты, деп хабарлайды 24kz.

Сала мамандарының айтуынша, бұл автопарктегі бірнеше жылдан бергі ең ауқымды жаңарту. Төтенше жағдайлар департаментінің түкпір-түкпіріндегі бөлімшелер жол талғамайтын көлік және өрт сөндіру құралдарымен қамтылды. Тұтанған от пен өзен-көлдердегі ағысты әуеден бақылау үшін бірнеше дрон берілді. Өлкеде 800-ден аса өзен бар. Орман қоры да көп. Сол себепті тозығы жеткен техникаларды кезең-кезеңімен жаңарту жоспарланған

Шыңғыс Әрінов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

- Бұл техника ел игілігіне, халық игілігіне осы өңірдің қауіпсіздігіне қызмет етеді деп 100% сенімдімін. Осы техника арқасында біздің жұмыстың, нәтижеміздің тиімділігі өсіп бара жатыр. Енді бұл бағдармен жүре береміз, әлі заманауи техника осындай керекті құрал-жабдықтың бәрін алып, әсіресе, ауылдық жерлерді біздің стандарттарға көтеретін боламыз деп ойлаймын.