Өскеменде белсенділер мен экологтар заңсыз қоқыс орындарын тазартты
Өскемен қаласының белсенділері мен экологтары қала маңындағы рұқсат етілмеген қоқыс төгілген аумақтарды тазартуға кірісті.
Бұл бастама аясында арнайы мобильді топ құрылып, шаһар шетін аралап шықты. Тексеру кезінде бірнеше жерде үйіліп жатқан тұрмыстық қалдықтар анықталып, олар бірден жойылды. Табиғат жанашырларының айтуынша, енді бұл қалдықтарды заңсыз төккен азаматтарды анықтау жұмыстары басталып кетті. Былтыр ғарыштық мониторинг нәтижесінде осындай 110 заңсыз қоқыс үйіндісі табылған болатын. Нәтижесінде 15 мың текше метр аумақ тазартылып, қаланың экологиялық жағдайы жақсарған еді. Биыл қар еріп, жер қарая сала, әлеуметтік желілер арқылы жаңа заңсыз қоқыс орны туралы ақпарат тарады. Бұл жолы саяжай массивінің бірінде күл-қоқыс төгілгені белгілі болды. Қазіргі уақытта экологтар аталған үйіндінің көлемін және қалдықтардың қайдан жиналғанын анықтауға кірісті.
Антонина Литвиненко, қалалық ТКШ бөлімінің қызметкері:
- Әр жерге төгілген қоқыс үйінділері тек Өскеменнің маңайынан ғана емес, жекеменшік жер учаскелерінен де кездесіп жатыр. Әр адам өзіне тиесілі аумақтың тазалығына өзі жауап беруі тиіс. Бұндай талапқа бағынбағандармен жергілікті полиция қызметінің өкілдері түсіндірме жұмысын жүргізетін болады.