Астанадағы әскери парадта заманауи техникалар көрсетіледі

Астанадағы әскери парадқа дайындық басталып кетті, деп хабарлайды 24kz.

Онда жауынгерлік техника мен авиацияның заманауи үлгілері көрсетіледі.  Салтанатты шара Жеңістің 80 жылдығына орай ұйымдастырылып жатыр. Шеруге Қазақстан әскерінің, Ұлттық ұланның, Мемлекеттік күзет қызметінің және Төтенше жағдайлар министрлігінің сарбаздары қатысады. Сонымен қатар ұшақтар мен ұшу аппараттарын кеңінен қолдану жоспарланған.

Серік Селеубайұлы, тілші:

- Дәл қазір менің артымдағы алаңда салтанатты шеруге дайындық жүріп жатыр. Мұнда әскери парадқа қатысатын жауынгерлердің саптық жүрісі сыналады. Әр қатардың мінсіз болуы үшін мамырға дейін жаттығу осылай жалғасады.

Жалпы шеруге 4 мыңнан астам жауынгер қатысады деп жоспарланған. Олар еліміздің түкпір-түкпірінен келіп, сапқа тұрды. Қазір сарбаздар күнделікті алты сағат жаттығып жатыр.

Әсем Ерланқызы, ҚР ҚМ 27943 Әскери бөлімінің сарбазы:

- Дайындық өте қарқынды. Үлкен жауапкершілік барлығымыздың мойнымызда бар. Өздеріңіз көріп тұрғандай, осындай әдемі шеру болып, күнде түске дейін екі жарым сағат, түстен кейін екі жарым-үш сағат дайындықты бастаймыз.

Тайбек Ақылбеков, ҚР ІІМ Ұлттық ұланы сарбазы:

- Басты бұрғанан кейін тек қана көз ғана жұмыс істеу керек. өйткені бас бұрғаннан кейін ешқандай бас қозғалу сияқты ештеңе кедергі келтірмеу керек те. Өйткені ар жағында тағы 14 сарбаз бар да. Олар да бәрі саған қарап, түзеліп жүруі керек. Соған бола осы сәл қиындау болып түсіп жатыр. Бірақ біз қарқынды жұмыс істеудеміз соны дұрыстау үшін.

Әскери шеруді Қорғаныс министрлігі ұйымдастырып жатыр. Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы биылғы парадта көрермендерге тосынсый әзірлеп жатқанын жеткізді.

Мереке Көшекбаев, ҚР Қарулы қүштері құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы:

- Ерекшеліктері бар. Ол енді қоғамға жұмбақ болсын. Ертең парад кезінде ол айтылады. Одан ерте айтпағанымыз да дұрыс шығар. Жаңа техникамыз да бар. Жаңа көріністер де бар. Тарихи шеру де болады.

Серік Селеубайұлы, тілші:

- Салтанатты шеруде әскери техникалар да көрсетіледі. Жалпы үш жүзден астам жауынгерлік машина қатысады деп жоспарланған. Оның ішінде осындай бронды тасымалдаушылар да бар. «Алан» деп аталатын бұл машинаны отандық компания жасап шығарған. Қазір ол Ұлттық ұланда қолданылады.

Арсен Шаймарданов, ҚР ІІМ Ұлттық ұланы бас қолбасшысының техника және қару-жарақ басқармасының бронды танк қызметінің бастығы:

- Ұлттық ұланнан парадқа қатысуға 13 техника жоспарланған. Бронды-доңғалақты. Олардың ішінде отандық өнімдер «Алан 2», «Барыс 6,6», «Кобра 2», «Урал» сынды техникалар бар бізде.

Бұл бронды көліктер әр түрлі бөлімдер мен күштік құрылымдардан келген. Сондықтан барлығы біркелкі түске боялып жатыр. Арнайы орындарда олардың жағдайы тексеріліп, техникалық қызмет көрсетіледі. Сонымен қатар түрлі зениттік зымыран кешендері, «TEODor» роботехникалық кешені, есептеу-талдау станциясы, бірнеше ұшқышсыз ұшу аппараттары және қару-жарақ пен әскери техниканың басқа да жоғары технологиялық үлгілері бар.

Мереке Көшекбаев, ҚР Қарулы қүштері құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы:

- Барлық әскерлер толық Астана қаласына жиналды осы Астана гарнизонында. Жоспар бойынша толық дайындық жүріп жатыр. Адамдардың орналастырылуы, тамақ жағдайлары, жуынатын моншалары бәрімен қамтамасыз етілген.

Әскерилер осы полигон аумағындағы шатыр қалашығында орналастырылған. Мұнда оларға, асхана, қызметтік бөлмелер мен жатын орын бар.

Серік Селеубайұлы, тілші:

- Ұлы жеңістің 80 жылдық мерейтойына дейін жігіттер осы қалашықта болады. Шатырларда оларға керектің бәрі бар. Сондай-ақ уақытша қосын даладағы аңызақ жел мен аптап ыстықтан, жауын-шашыннан қорғайды. Яғни, қолайсыз ауа райына бейімделген.

Авторлары: Серік Селеубайұлы, Жандос Битабаров