Ақтөбе облысында төрт спорт нысанының құрылысы бітер емес

Биыл Ырғыз ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылады, деп хабарлайды 24KZ. Ғимарат құрылысы 7 жыл бұрын басталып, мердігер ұйымның салғырттығынан «сағызша» созылып кеткен еді. Ақтөбе облысында әлі күнге дейін тапсырылмай тұрған тағы қандай спорт нысандары бар?

Ырғыздағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы 2018 жылы басталған. Алайда алғашқы мердігер жұмысты орындамай, нысан басқа компанияға берілді. «Ғимарат дайын. Бірақ, кем – кетіктері бар», – дейді жергілікті билік өкілдері.

Аслан Жарасбаев, құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:

- Әрине, кемшіліктер бар. Ол енді кепілдік мерзімі шеңберінде мердігер мекеме оны орындауға тиіс. Қазіргі таңда мекемемен келіссөздер жүргіздік және сот органдарына да бердік. Осы кепілдік мерзімі шеңберінде сол кемшіліктердің барлығын жоюға тиіс.

Жергілікті балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне 800 бала барады. Олар жаңа кешеннің ашылуын тағатсыздана күтіп жүр. «Бұл салауатты өмір салтын ұстанатын жастардың қатарын одан сайын арттырады», – дейді мамандар.

Самұрат Садриев, БЖСМ директоры:

- Ғимарат ашылып жатса, бізде әрі қарай 2-3 спорт түрлерін ашу жоспарымызда бар. Ол жүзу спорты, көркем гимнастика бар. Қазір көп сұранысқа ие спорт түрлері. Жаңа спорт түрлері ашылған жағдайда бала саны 1200, 1300 дейін өсіру жоспарымызда бар.

Өңірдегі мерзімінде тапсырылмай тұрған тағы бір нысан – Әйтеке би ауданы Темірбек Жүргенов ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені. Сонымен қатар Ақтөбенің өзінде екі бірдей спорт нысаны халық игілігне берілмей тұр.  

Сауалнама:

- Балаларға керек зат қой. Әлі біткен де жоқ. Міне, тұрысы мынау. Бұрын бұл балалардың алаңы болған. Қазір ол да жоқ, я мынау құрылыс та біткен жоқ. Тұр міне.

- Сол бізді енді алаңдатады. Себебі мектептен қайтқан балалар барлығы ашық-шашық құрылыс алаңында кейбір кезде ойнауға кіріп кетіп жатады. Олардың бәрінде қауіпсіздік ережелері, әрине, сақталған жоқ.

Екі нысанның құрылысын бір компания жүргізген. Жергілікті билік өкілдері оны сотқа беріп, сатып алу порталының «қара тізіміне» енгізді. Енді оларды басқа мердігер ұйым аяқтайды. 

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Наталья Салькова, Айнадин Молдабеков, Болат Молдағалиев