И. Маск импорттық баж салығын алып тастауды сұрады

Ал миллиардер Илон Маск Дональд Трамптан импорттық баж салығын алып тастауды сұраған.

The Washington Post мәліметінше, кәсіпкер Ақ үй басшысымен екеу-ара кездесіп, сөйлескен. Бірақ бұдан нәтиже шықпаған көрінеді. Америка президентіне импорттық баж салығын енгізуді, сауда бойынша кеңесшісі Питер Наварро ұсынған. Бірақ Илон Масктың тарифтерге қатысты көзқарасы басқа. Сондықтан миллиардер оны әлеуметтік желіде қатаң сынап-мінеді. Ал сарапшылар Дональд Трамптың маңайындағылар арасында алауыздық пайда болды деп топшылады. Ізінше Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Ливитт мәлімдеме жасады. 

Кэролайн Ливитт, Ақ үйдің баспасөз хатшысы:

- Бұл екі адамның сауда және тарифтер бойынша көзқарастары мүлдем сәйкес келмейтіні анық. Ақ үйдің жұмысы ашық жүргізіледі. Сондықтан олар пікір таластыруға хақылы. Бұл Президент әртүрлі тараптың пікірін тыңдауға дайын екенін көрсетеді. Бірақ Дональд Трамп барлық жақтың пікірін ескере отырып, Америка халқының мүддесіне сай, ең тиімді шешім қабылдайды.