Ақмола облысындағы киелі жерлердің картасы әзірленді

Оған мыңға жуық нысан енді, деп хабарлайды 24kz.

Қазір табиғаты әсем жерлерге ақпараттық турлар ұйымдастырылып жатыр.

Абзал Балтабаев, тілші:

- Бұл – Көкшетау мен Зерендінің ортасындағы Үлгілі сарқырамасы. Көрікті орын туристерді тылсым табиғатымен тамсандырады. Саф ауасы мен сарқырап аққан суы адам жанын тыныштандырады.

Үлгілі сарқырамасындағы осынау бір тамаша көріністі көргісі келетіндер көп. Әсіресе, көктем уақытында туристер қарасы артады. Олардың қатарында жергілікті тұрғындар ғана емес, алыс-жақын қалалардан келетін демалушылар да бар.

Мадина Баймахан, турист:

- Қызылорда облысының тумасымын. Көкшетауда оқимын. Осында алғаш рет группамызбен келіп тұрмын. Мұндағы атмосфера өте керемет.

Әлия Нұрмахан, турист:

- Мен Түркістан облысынанмын. Менде Көкшетауға келдім. Бұл жерді алғаш рет көріп отырмын. Сондай керемет.

Қазір сарқырамаға күніне шамамен жүздеген адам келеді. Ал, демалыс күндері олардың саны мыңға дейін жетеді.

Елена Бархатова, турист:

- Табиғаттың осы бір құбылысын көру үшін жылда келгіміз келеді. Себебі, мұнда жаның тынышталып, қаладағы күйбең тіршілікті ұмытасың. Сондықтан мен тек жалғыз өзім емес, басқа қалада тұратын жақымдарымды, достарымды да бірге ала келуге тырысамын.

Көкшетау ұлттық паркінде 22 туристік бағыт бар. Оның басым бөлігі қарағайлы ну орман мен табиғи ескерткіштер.  Соңғы жылдары  осы Үлгілі сарқымасы туристер үшін тартымды орынға   айналған.

Серік Сыздықов, «Көкшетау» МҰТП Ормандыбұлақ филиалының инспекторы:

- Бұл бағыт Зеренді ауылындағы визит орталығынан басталады. Туристер жол бойындағы түрлі киелі жерлерді тамашалап, осында жетеді. Ең бірінші біз мұнда демалушылардың қауіпсіздігіне баса мән береміз. Одан бөлек, ормандағы өрт қауіпсіздігі басты назарда.

Жалпы өңірде көз тоймас көрікті жерлер көп. Қойнауы тұнған тарих. Қазір осы жерлерге 3D-турлар әзірленді.

Қуаныш Шақшақов, өлкетанушы:

- Қазіргі кезде Зеренді ауданындағы 20 шақырым жерде 50-ден астам ескерткіштер бар. Оның ішінде қола дәуірі бар. Ескі темір дәуірі бар. Түркі заманының ескерткіштер бар.

Өңірдегі киелі жерлерді толықтай инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жағы қарастырылып жатыр. Яғни, демалушыларға қолайлы жағдай жасалып, сакралды туризмді дамыту ісі қолға алынды.

Авторлары: Абзал Балтабаев, Виктор Полянный