Алматыда қоқыс өңдеу зауытын салуға $270 млн тікелей инвестиция тартылады
Алматыда қоқыс өңдеу зауытын салуға 270 млн доллар көлемінде тікелей инвестиция тартылады, деп хабарлайды 24kz.
Бүгін Олжас Бектенов Шанхай Shanghai SUS Environment Co., Ltd. компаниялар тобының президенті – басқарма төрағасы Лун Цзишэнмен 2024 жылғы қарашада Қытайға жұмыс сапары барысында қол жеткізілген уағдаластық мәселелерін талқылады. Кездесуге қатысушылар елдегі қалдықтарды электр энергиясына айналдыруға бағытталған Waste to energy технологиясын енгізудің келешегін тілге тиек етті. Қытайлық компаниялар тобының президенті Лун Цзишэн тәулігіне 2 мың тоннаға жуық қалдықты қайта өңдейтін және 60 МВт-қа дейін электр энергиясын өндіретін қоқыс өңдеу зауытының жобасын таныстырды. Алматы қаласы әкімдігінің мәліметінше, аталған зауыттың іске қосылуы мегаполистің 2029 жылға қарай қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 80%-ке дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Кездесу барысында кадр даярлау мәселесі де сөз болды. Жоба аясында 500 жұмыс орны, оның ішінде – 100 тұрақты жұмыс орны ашылады. Лун Цзишэн жұмысқа тартуда жергілікті мамандарға басымдық берілетінін айтты.