М. Әшімбаев: Заң саласындағы мамандардың саны бар, сапасы жоқ
Елімізде заңгерлерді даярлау ісінде қордаланған проблемалар көп. Заң саласындағы мамандардың саны бар да, сапасы жоқ. Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бүгін Парламенттік тыңдауда мәлімдеді.
Сондай-ақ еңбек нарығында білікті заңгер тапшы екенін айтты. Түйткілді мәселенің түйінін шешу үшін нақты тетіктерді қолға алу керек. Сонымен қатар құқықтық білім беру ісінде инновациялық тәжірибелерді енгізу қажет деді. Сондықтан отырысқа қатысушылар саладағы білімді дамыту және заң шығару қызметінің сапасын арттыру мәселелерін талқылады. Депутаттар заңгер мамандығына мемлекеттік грант аз болғандықтан, көбісі ақылы негізде оқуға мәжбүр деп отыр. Айталық, бүгінде заң саласындағы 59 жоғары оқу орнында 40 мыңға жуық шәкірт білім алып жатыр. Былтырдан бастап осы бағытта білім беретін оқу ордаларына қойылатын талап күшейтілді. Енді оларда криминалистикалық полигон, заң клиналикалары болуы тиіс. Сонымен қатар профессор-оқытушылар құрамының басым бөлігінде практикалық тәжірибе болуы қажет. Ал қазақ тілінде заңгерлерге оқулық жазатын авторларға тікелей қолдау көрсетілуі мүмкін.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Кәсіби заңгерлердің біліктілік деңгейі қоғам мен мемлекетің барлық саласына тікелей әсер ететіні белгілі. Осындай білікті мамандарды дайындау үшін заң білімін дамыту аса маңызды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру мәселесіне үнемі баса мән беріп келеді. Қазіргі таңда білімі мен ғылымы жоғары деңгейде дамыған мемлекет қана қуатты және бәсекеге қабілетті бола алатыны анық. Сондықтан палата жоғары білім және оның сапасына, оның ішінде заң білімінің сапасына қатысты түрлі іс-шараларға ұйытқы болып келеді.