Семейде жаңа жылу электр орталығы салынады

Қазақстанның 4 қаласында жаңа жылу электр орталығы салынады. Олардың қатарында Семей де бар, деп хабарлайды 24kz.

Жергілікті атқарушы билік қазір құрылысқа қажет құжаттарды дайындап жатыр. Жобаға сәйкес нысан 4 жылдан кейін пайдалануға беріледі.

Халық санының өсуіне байланысты жұмыс істеп тұрған қазандықтардың қуаты жетпей жатыр. Оның үстіне жылу желілерінің 60%-і тозған. Сондықтан жақында Семейде жаңа жылу электр орталығының құрылысы басталады. Нысан қаланың сол жағалауында – Степной кентінде бой көтереді. Техникалық-экономикалық негіздемесі дайын. Мамандар енді мемлекеттік сараптама үшін құжат  дайындауға кіріседі.

Әнуарбек Шәкенов, Энергетика және энергия үнемдеу бөлімінің бас маманы:

- Жылу электр орталығы жобасының мемлекеттік сараптама қорытындысы 2025 жылдың екінші тоқсанында белгілі болады. Содан кейін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, жылдың соңына қарай аяқталады. Сол жұмыстардың қорытындысы бойынша нысан құрылысының құны және негізгі техникалық-экономикалық көрсеткіштері анықталады.

Жаңа жылу орталығының құрылысы басталатыны туралы жаңалықты Семей халқы қуана қабылдады. Өйткені қалада жылу тапшылығы бар. Әсіресе, қаланың оң жағалауында энергия тапшылығы сағатына 147 Гкал құрайды.

Блиц 1:

- Енді Қазақстанда жағдай болды ғой, Екібастұзда жылу болмай қалып қыста, сондай жағдайдың алдын алу үшін қазірден бастап 3-ші ТЭЦ-тің ашылғаны дұрыс болады деп санаймын. Өйткені соған қарай жаңа жұмыс орындары ашылады. Қанша мамандықта оқып жүрген балалар қазір жұмыссыз қалуда.

Блиц 2:

- Мен жер үйде тұрамын, котельный болған да дұрыс шығар. Ғимараттардың бәрі жылы болса, балалар жылы жерде отырса, маңыздысы сол.

Блиц 3:

- Өзімізге жақсы ғой болған нәрсе. Табиғатымыз тазаланады кішкене, көп болса, үйлер салынып жатыр міне, көп үйлер соларға керек. Өзіміздің ескі ТЭЦ әлі жетпейді салғандары көрім, қайырлы болсын бәрі.

Жаңа жылу электр орталығы қуат көзіне деген тапшылықты толық жояды. Станцияның қуаттылығы сағатына 1060 Гкал болады. Жоспарға сәйкес нысанды 2029 жылдың күзінде аяқтау көзделген. Оған дейін қолданыстағы қазандықтар мен жылу желілері жыл сайын жөндеуден өткізіледі.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Ботакөз Дәндібаева, Берік Жобалайұлы