Атырауда саябақтар мен гүлзарларға 70 мың түп гүл егіледі

Қолайсыз күн райына қарамастан биыл Атырауда саябақтар мен гүлзарларға 70 мың түп гүл егуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды 24kz.

Мамандар қаңтар айынан бастап іске кіріскен. Енді күн жылынысымен көшелерге көшет отырғызады. Жылдың 9 айында өкпек жел соғатын өңір үшін қуаңшылыққа төзімді гүл тұқымын таңдап алу басты міндет. Бүгінде Атырау тұқымбағында жергілікті климатқа жерсінген голландиялық гүлдердің 10 түрі жайқалып тұр

Гүлстан Фатуллаева 20 жылдан бері гүл өсірумен айналысып келеді екен. Атырауға арнайы шықырылған кәсіби маман. Бүгінде ол тұқымбақтағы 70 мың түп гүл көшетін әріпестерімен бірге күтіп баптауда. Мұнда әрбір гүл дәннен өсіріліп, кейін көшеттерге егіледі.

Гүлстан Фатуллаева, гүл өсіруші:

- Мұның егілгеніне 1 ай болды. Петунияның қызыл түрі. Ыстыққа бұл төзімді мұны тек суарып тұру керек, тыңайтқыштарын беріп тұру керек Егер гүлді жақсы көрсең, жұмыс қиын емес.

Тұқымбақта голландық гүлдердің 10 түрі сортына қарай орналастырылған. Олдардың алды гүлдеп, кейінгілері енді ғана қалбырға отырығызыла бастапты. Мамандардың айтуынша, мұндағы жұмыс қаңтар айында басталған, енді күн жылынса, жетілген өскіндер гүлзарларға көшіріледі.

Мәди Есқалиев, тұқымбақ агрономы:

- Қазір келіп тұр бабына. Оны құнарландыру үшін дәрумендер құямыз, тыңайтқыштар береміз, соның арқасында осындай дәрежеде болады. Сосын өсіп кеткен гүлдердің басын қайтадан ала берсе, қайта гүлі шыға береді. Қазанға дейін 5 градус болсын аязға шыдайды.

Биыл Атырау қаласы бойынша 180 мың шаршы метрден астам көгал жабындысы, 12 мың шаршы метрге жуық гүлзар егу жоспарланған.

Ғасырбек Төлеген, Атырау қаласы әкімдігінің ресми өкілі:

- Гүлдеріміз барлығы дайын тұр. Ауа температурасы қолайлы болған уақытта егу процесстері қаламыздағы барлық парктерде, скверлерде, тұрғындар демалатын орындарға егіліп, күтіп ұстау жұмыстары басталатын болады.

Қала аумағын абаттандыру жұмыстары оның іргесіндегі 6 ауылдық округте де жүргізіледі. Сондай-ақ облыс орталығындағы 26 саябақ пен гүлзарлар да жаңа маусымға дайын тұр.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин