Оралдық зейнеткер термебау тоқудың қыр-сырын меңгерген

Өнер үйренемін деген жанға зейнеткерлік кедергі емес.

Оралдық Нұргүл Сисенова 65 жасында термебау тоқудың қыр-сырын меңгерген. Ол үшін  Ақтау, Ақтөбе қалаларына әдейі барып қолөнер шеберлерінен дәріс алған. Бұған дейін моншақтан өрнек салып, кестемен ою төккен, құрақ көрпе тіккен ісмер енді Жайық жерінде терме-бау өнерін жаңғыртсам деп отыр.

Нұргүл Сисенова осыдан 45 жыл бұрын Жайық жеріне оңтүстік өңірінен келін боп түскен.   Қолөнерді кішкентай кезінен үйренгенін айтады. Мәселен мына қоржын анасының қолынан шыққан. Бала жаста көңілге түйгенін одан әрі дамытуға кезінде үй жұмысы кедергі болыпты. Бұған дейін құрақ құраумен, кесте төгумен ғана шектеліпті. Ал термебау тоқуға зейнетке шыққасын зейін қойыпты. Өзге қалаларға барып, қолөнер шеберлерінен дәріс алып, былтыр ғана осы өнердің қыр-сырын жетік меңгеріпті. Алғашқы термебауға 4 айы кетпті.

Нұргүл Сисенова, қолөнер шебері:

- Күзеу байлау керек. Соны білмедік. Ютубтан қарағанмен білмедік. Сосын болмайтын болды деп Ақтөбеге майда бардым. Биыл бір жыл болады. Сол бір жылда істеп жатқаным. Осы бірінші тоқығаным.  3-4 ай жүрдім біреуін тоқу үшін, ал қазір екі жұмада бітірем. Осыған қызығу күшті. Есім кетеді әдемілігіне. Тоқыған сайын шынымен мен Нұргүлмін бе істеп жатырған деп айтамын. Мен мысалы, мә, Нұргүл, жарайсың деп қоям өз-өзіме. Өзім қуанып кетем. Жақсы көрем. Жұмыс істесең ерінбеу керек, төзім керек.

Шаңырақтың желбауы ретінде қолданылатын баудың ұзындығы әртүрлі болады. Серіппеге байланып, адырға тартылған жіптер бір-біріне қабысып өрілгенде осындай әдемі дүние туады. Қазақтың қолөнерін Жайық жерінде жаңғыртқан Нұргүл апамыз өз білгенін жастарға да үйреткісі келеді. Арнайы орталық ашылса, қолдау болса дейді.

Нұргүл Сисенова, қолөнер шебері:

- Жұмысымды неге көрсетпеймін жастарға? Басқа қаланың бәрінде бар. Бізде егер жоғары жақтағылар осыны қолға алса, көмектессе, мына жіптің бәрі ақша ғой. Мынаның бәрі соны көрсетейін дегенім ғой. Соның бәрі ақша, заказ беру үшін жақсы жіптер табу үшін заявка беру керек. Көп етіп алуға қаржы жетпейді. Пенсияң не болады? Сол орталықтар ашса. Мынау үйге тап-тар, екі кісі-үш кісі келсе ауа жетпейді. Бір өзім мынаны істеп жатсам, біреу зерлеп беру керек, жіпті орау керек. Бәрі жұмыс қой, шашақ істеу керек.

Қазір оралдық шебер сәуір айының соңында өтетін алғашқы жеке көрмесіне дайындалып жатыр.

Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов