Шымкентте иесіз ит пен мысық қаптады

Шымкентте иесіз ит пен мысық қаптады, деп хабарлайды 24KZ. Оларды аулауға 2 мыңнан астам арыз түскен. Оның шінде 268 адамды ит қапқан. Тұрғындардың айтуынша, итті қанша аулағанымен, олардың саны азаяр емес. Ал мамандар: «Көше кезген ит, мысықты бұрынғыша ұстап, көзін жоюға тыйым салынған», – дейді. Енді қайтпек керек?

Соңғы екі айда бұралқы иттерден 268 адам зардап шеккен. Иесіз жануарлар көбіне қоқыс аумағын жағалап, жанынан өткендерге қауіп төндіреді. 16-шы шағынаудан тұрғыны Қожахан Дауылбаев немерелерін қараусыз қалдыруға қорқатынын айтады.

Қожахан Дауылбаев, қала тұрғыны:

- Көшеде мысық та бар, ит те бар. Бала-шаға ойнайды. Бала-шағаны қабады. Олар ауру таратады. Қарап жүре ме?! Балалар оны барып ұстайды, ойнайды. Алаңдап отырамын. Ауырып қалмаса екен, аман-есен жүрсе екен дейміз да.

Ит аулаушыларға осындай арыз-шағыммен 2 мыңнан атам өтініш түскен. Қараусыз жүрген 11 мың ит пен мысық ауланып, арнайы орталыққа жеткізілген. Биыл оларды ұстап, санын азайту үшін жергілікті бюджеттен 98 миллион теңге бөлінді.

Ерлан Әденов, қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының бөлім басшысы:

- Ауланған қаңғыбас ит-мысықтардың барлығы біздегі Ақтас елді мекенінде орналасқан жануарларды уақытша ұстау орталығына жеткізіледі. Сол жеткізілген жерде ол ит-мысықтарға күтім жасалады. Егер емделмейтін аурулармен, жұқпалы аурулармен қауіп төндіретін жағдайлар кездессе, оны ізгілікті тәсілдермен, эвтаназиялық жолмен жансыздандыруға жіберіледі.

Сала мамандарының пікірінше, көше кезген иттердің көбеюіне тұрғындардың да кінәсі бар. «Себебі үй жануарларын асыраушылар оларды бос қоя, береді немесе жоғалтып алады», – дейді. Полиция департаментінің дерегінше, биыл ит, мысыққа жауапкершілікпен қарамаған 32 адамға 688 мың теңге айыппұл салынған.

Сәрсен Құранбек, қала әкімінің орынбасары:

- 40 мың ит көшеде жүр. Оның барлығын азайту деген мүмкін емес, егер мынандай жағдай жалғаса беретін болса. Неге? Өйткені ол жылына екі рет күшіктеуі мүмкін. 7-8-ден күшіктегенде 40 мыңды біз қуалай береміз, қуалай береміз. Түбіне жете алмаймыз. Сондықтан бұл жерде үй жануарларын ұстайтын адамдар да мұқият болуы керек.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес ит-мысықты бұрынғыша аулап, өлтіруге тыйым салынған. Сондықтан жергілікті билік шетелдік тәжірибеге иек артып, химиялық кастрация мен стерилизациялауды ұсынды. Ол үшін жоғары білімді 20 ветеринарлық дәрігер біліктілігін арттыру курсынан өткізілмек.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов, Самат Нағашбекұлы