Медиа майталманы жас журналистерге шеберлік сағатын өткізді
Отандық медиа саласының майталманы болашақ журналистер үшін шеберлік сағатын өткізді.
24KZ телеарнасының бас продюсері, тәжірибелі медиаменеджер Арман Балтабайұлы жастарға өз тәжірибесіне сүйене отырып, журналистикадағы басты қағидаларды үйретті. Кездесуде студенттер танымал тележүргізушіге өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, қызу диалог өрбіді. Шеберлік сабағында студенттерге телеарнадағы сюжеттер қалай дайындалатыны, төтенше жағдайлар кезінде тілшілердің қалай қызмет ететіні түсіндіріліп, тікелей эфирдегі жұмыстың ерекшелігі туралы баяндалды.
Гүлназ Мұқанжан, 3-курс студенті:
- Сұқбатта мысалы алдағы кезде адам қобалжып тұратын болса, оны ең алдымен қыздырып алу керек. Одан кейін барып қана қызықты сұрақтарды ортасына немесе соңына қалдырған жөн. Өйткені адам қобалжуы мүмкін. Өйткені біз секілді күнде эфирге шығып жатқан жоқ.
Сымбат Орынбасар, 3-курс студенті:
- Кез келген адаммен коммуникация орнатып, дұрыс сұрақ қоя білуді үйрендім. Және де қазіргі заманғы актуалды тақырыптардың бірі – жасанды интеллект. Жасанды интеллект қазір телевизия саласына қалай әсер етіп жатқанына жауап алдық.
Шара «Хабар» агенттігінің 30 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған. Бұған дейін 24КZ арнасының жаңалықтар жүргізушісі Әлия Шермағамбет те Еуразия ұлттық университетінің студенттерімен кездесіп, шеберлік сағатын өткізген болатын. Онда студенттер жаңалықтарды дайындау, фактчекинг, әлеуметтік желілермен жұмыс істеу және жеке бренд қалыптастыру бойынша тәжірибелік білім алды. Факультет деканы мұндай жүздесулер болашақ журналистер үшін пайдалы болатынына сенімді.
Нұржан Қуантайұлы, ЕҰУ Журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы:
- Теорияның орны бір бөлек. Практиканың орны бір бөлек. Сондықтан осындай белгілі тележурналистермен кездесіп, олардың дәрістерін тыңдаған өте пайдалы. Оны шәкірттердің өздері де айтып жүр. Келешекте мұның барлығы олардың қалыптасуына, өздерінің бір тележурналистикада орнын табуға, стилін қалыптастыруға үлкен көмектеседі деген пікірдеміз.