Сынамасыз алтын сатқандарға айыппұл салынады
Елде зергерлік бұйымдарды сынамасыз сатқан саудагерлерге бірден айыппұл салынады. Бұған дейін оларға тек ескерту жасалатын. Жаңа тәртіпке сәйкес ережені бұзған сатушыға 190 мың теңгеден 580 мың теңгеге дейін айыппұл салынады.
Айыппұл мөлшері кәсіпкерлік субъектісінің санатына қарай анықталады. Заңды тұлға неғұрлым ірі сауда нысаны болса, айыппұл да соғұрлым көлемді болмақ. Ал заң бұзу тағы қайталанса, айыппұл сомасы да еселенеді. Бұл шаралар халықты заңсыз өнімдерден қорғауға және отандық зергерлік нарықты ретке келтіру мақсатында енгізілді деп хабарлайды Сауда және интеграция министрлігі.
ҚР Сауда және интеграция министрлігі:
- Зергерлік бұйымдарды жосықсыз сатушыларды әкімшілік жауапкершілікке тарту құзыреті Сауда және интеграция министрлігіне берілді. Кейінгі жылдары зергерлік бұйымдарды сатушыларға қатысты алдын алу шаралары тек ескерту сипатында жүргізіліп келген еді. Қазақстан Республикасының «Бағалы металдар және асыл тастар туралы» Заңына сәйкес зергерлік бұйымдарды ел аумағында сынамалау таңбасынсыз, сондай-ақ сынама палаталарында, яғни сынақ зертханаларында бұйымға сараптама жүргізілгенін растайтын атаулы белгінің бедерінсіз сатуға жол берілмейді.