Маңғыстау теміржол вокзалы жаңғыртудан өтеді
Маңғыстау облысында орталық теміржол вокзалын жаңғырту жұмысы басталды.
Бір қабатты нысан Мұнайлы ауданында орналасқан. Күрделі жөндеуден соң, кассалар, анықтама орындары және дәретханалар мүгедектігі бар азаматтарға да қолжетімді болады. Сондай-ақ вокзал аумағында көтергіш құрылғылар, индукциялық панель орнату, жүк тасу арбаларын жаңарту да жоспарланған. Жүк сақтау камерасы көбейіп, демалыс, ана мен бала бөлмелері пайда болады. Күту залдары тегін ғаламтор желісімен қамтылады. Қазір теміржол вокзалы жолаушыларды іргелес тұрған бос ғимаратта қабылдап жатыр.
Адайбек Қалиев , облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:
- Қазір бұл тек тәулігіне 300 ғана жолаушыға қызмет көрсетуге арналған. Енді мұны 2500-3000 жолаушыға қызмет көрсететіндей үлкен вокзал салатын боламыз. Маңғыстау облысы бойынша 3 вокзалда жөндеу жұмысын жасау жоспарланып отыр. Қазір міне Маңғыстау вокзалынан бастап жатырмыз. Одан кейін Бейнеу мен Шетпе вокзалдарында жұмысы жақын күндері басталатын болады. Барлығына да тиісті мердігерлер анықталған.