«Damubala» бағдарламасы қатаң бақылауға алынды

Қызылорда облысында мемлекеттік тапсырыс аясында жұмыс істеген спорттық және шығармашылық үйірмелер жарты миллиард теңгені заңсыз игерген. «Damubala» платформасындағы көптеген заңбұзушылықты прокурорлар анықтады.

Кейбір үйірме ғимараттары санитарлық талаптарға сай келмей, төлем үшін жалған мәліметтер берілен. Прокурорлар осы бағдарлама шеңберінде ашылған 310 нысанды тексерді. Соның нәтижесінде екі мыңнан астам баланың бұл үйірмелер мен секцияларға мүлде бармағаны белгілі болды. Тіпті Жалағаш ауданында өмірден өтіп кеткен баланы спорттық секцияға тіркеу дерегі анықталған.

Шыңғыс Есжанов, Жалағаш ауданының прокуроры: 

– «Damubala» бағдарламасының іске асырылуына қатысты заңдылықтың сақталуына талдау жүргізілді. Талдау нәтижесімен аудан бойынша 9,3 миллион теңгеге бұзушылық анықталды. Көп жағдайда үйірмеге қатыспаған балаларға ақшаны аудару. Сонымен қатар қайтыс болған және трек қимыл аппаратының бұзылыстары бар баланы үйірмеге қатысты деп жалған мәлімет енгізу фактілерін анықтағанбыз. Қазіргі таңда сол 9,3 млн теңгенің 5 миллион теңгесі өндіріліп, 4 млн теңгесі бойынша өндіру жұмыстары жүргізілуде.

Қазір спорттық және шығармашылық тапсырыстарды «Жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру» бағдарламасы бойынша өңірде тек Damubala платформасы жұмыс істеп тұр. Кәсіпкерлер заңсыз алған 500 млн теңгенің 95 миллионы бюджетке қайтарылды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады, - дейді құзырлы орган өкілдері.