Қазақ сарбазының сүйегі отанына жіберілді

Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан қазақ сарбазының сүйегі отанына жіберілді, деп хабарлайды 24KZ. Мүрдені табыстау рәсімі Мәскеуде өтті.

Жауынгердің сүйегін былтыр күзде Ресейдің Новгород облысындағы іздеу жасағының мүшелері тапқан болатын. Кейін мәліметтер арқылы отандасымыздың жеке басы анықталды. Ол Семей облысының тумасы Оразғали Белюбаев болып шыққан. Бұған дейін ол із-түзсіз жоғалды деп есептелініп келген еді. Белсенділердің айтуынша, майдангер 1943 жылдың тамызында Старая Русса қаласын азат ету кезінде көз жұмған. Іздеу жұмыстарына Қазақстан мен Ресей елшіліктерінің атташелері мен еліміздің «Майдан жолы» және «Ерлік-Даңқ» жасақтары атсалысты. Олар марқұмның туыстарын тапқан. Қазақ сарбазының сүйегі жақын арада елімізге жеткізіліп, құрметпен жер қойнына тапсырылмақ.  

Игорь Тума, Новгородтағы «Медведь» іздеу жасағының жетекшісі:

- Біз былтыр күзде осы сарбаздың сүйегін таптық. Оның медальонын заманауи технологиялардың көмегімен оқып, жеке басын анықтадық. Сосын Қазақстандағы іздеушілерге шықты. Олар тез әрекет етіп, туыстарын тауып берді.

Александр Морзунов, Новгородтағы «Находка» іздеу жасағының жетекшісі:

- Сарбаздың нақты тегін қалпына келтіру бойынша біраз жұмыс істедік. Бәрі сәтті болды. Енді қазақ сарбазының сүйегін отанына жібереміз.