Өрт маусымына дайындық қалай?

Бүгін Үкімет отырысында су тасқынына қарсы дайындықпен қатар өрт маусымына әзірлік жайы да қаралды. Тасқынға тосқын шаралары айтылды. Әлі екі өңірде Шығыс пен Солтүстік аймақтарда су тасу қауіп бар. Ал өртке қарсы қауқарымыз қандай?

Жауаптылар қарғын суға қарсы күресіп жатқанда тілсіз жау – дала өртінің де қаупі жоғары екенін айта кетейік. Синоптиктер биылғы жаз жылдағыдан ыстық болатынын ескертеді. Қауіпті кезең басталмай жатып, өрт оқиғалары тіркеліп үлгерді. Жыл басынан бері мемлекеттік орман қоры алқаптарында жалпы ауданы 4831 гектар болатын 32 орман өрті тіркелді. Қазір өңірлерде қауіпке қарсы шаралар күшейтілген. Дегенмен кей облыстар әлі күнге бейқам отыр.  Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Үкімет отырысында осылай деп, алаңдаушылық білдірді. 

Министрдің айтуынша, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Павлодар, Түркістан және Абай облыстарының өрт маусымына әзірлігі мардымсыз. Қазір облыс әкімдеріне олқылықты жоюға және жеке құрамды толық жауынгерлерік әзірлікке келтіруге уақыт берілген. Осы тұста айта кететін тағы бір дүние бар. Тек билік емес, халық қауіп туралы хабарлап, қоршаған ортаның амандығына сақтап қала алады. Тіпті осы бойынша Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз жиынында Экология және табиғи ресурстар министрі ел тұрғындарына арнайы үндеу жасады.

Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:

- Өрт пайда болған жағдайда, соның куәгері болған жағдайда бізге хабарлауды МЧС-тің мекемелеріне телефон шалуды ұмытпаңыздар. Әсіресе орманда жиі боласыздар демалыста. От жағып, тамақ дайындауда мұқият болуды сұраймыз, әсіресе жаздыгүні қатты ыстықта заң жүзінде тыйым салынған. Сол себепте құрметті бауырлар өртке сақ болыңыздар, биыл өте қауіпті жыл.

Иә, сын сағатта мемлекеттік органдардан ширақтық талап етіледі. Алайда бұл үдеден шыға алмай қалған кездеріміз бар. Мәселен, күні кеше Павлодар және Абай облыстарында болған өрт жайлы орман шаруашылығы мекемелерінің қызметкерлері министрліктерге уақытылы хабар бермеген. Яғни төтенше жағдай кезіндегі алгортим орындалмаған. Премьер-министр: «Мұндайға жол бермес үшін кінәлілерді жауапкершілікке тарту керек», – деді.

Олжас Бектенов ҚР Премьер-министрі:

- Тексеріс көрсеткендей, өрттердің алдын алу және жою жөніндегі шаралар жоспары барлық өңірде бірдей тиісті деңгейде іске асып отырған жоқ. Жамбыл, Қостанай, Түркістан, Ақтөбе, Қарағанды, Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарындағы елді мекендердің айналасынан минералды белдеу жасау жұмыстары басталмаған. Ақтөбе, Павлодар, Қызылорда, Атырау, БҚО, Қостанай, Түркістан, Солтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарының орман мекемелері өрт қаупі жоғары кезеңге дайын емес. Осыған байланысты өңір әкімдеріне биылғы маусымға дайындық жұмыстарын күшейтуді және мәселені тікелей бақылауға алуды тапсырамын.

Елде өрттің туындауын және таралуын анықтайтын цифрлық жүйе әзірленді. Оның көмегімен желдің бағыты, еңіс және жанғыш материалдардың ылғалдылығын білуге болады. Қазір аталған жүйе сынақтан өтіп жатыр. Бұдан бөлек, қауіптілік индексін көрсететін карта қолданылады. Бұл тәсіл жерүсті метеостанциялары мен спутниктік деректерді біріктіреді. Нәтижесінде бүкіл ел аумағы қамтылып, болжам дәлдігі арта түседі.

Айта кетейік, 2025 жылдан бастап Қазақстан ғарыш және ірі апаттар жөніндегі халықаралық хартияға қосылды, бұл төтенше жағдайларда халықаралық серіктестерден суреттерді тегін алуға жол ашады.  

Биыл орман шаруашылықтарындағы өрт сөндіру техникасын жаңартуға 26 миллиард теңге бөлінеді. Соның ішінде жергілікті бюджеттен 6,3 миллиард теңге және лизинг есебінен 20 миллиард теңге қаржы қарастырылып отыр. Жыл басынан бері тиісті мекемелерге 136 өрт сөндіру кешені мен 60 трактор жеткізілген. Маусым айының соңына дейін тағы арнайы техника беріледі.