Қостанайда адам құқығын қорғау тетіктері талқыланды

«Қазақстандағы адам құқығын қорғаудың ұлттық және халықаралық тетіктері». Осындай тақырыпта Қостанайда семинар-тренинг өтті.

Президент жанындағы Адам құқығы жөніндегі комиссия, Еуропалық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының бағдарламалар офисі мен облыс әкімдігі ұйымдастырған жиынға полиция, сот органдарының, мемлекеттік мекеме және азаматтық қоғам ұйымдарының өкілдері қатысты. Сарапшылар заңдылық пен тәртіпті қамтасыз ету мақсатында елімізде болып жатқан саяси, құқықтық өзгерістер жайлы түсіндірді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық, еңбек қатынастарына қатысты дау-дамайды шешу жолдарын айтты. Сондай-ақ халықаралық ұйымдарға шағымданудың механизмі туралы баяндады. Оқыту семинары Рудный қаласы мен Әулиекөл ауданында да өтеді.  

Тастемір Әбішев, Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары:

- Семинардың негізгі мақсаты осы Қостанай облысының тұрғындарының өздерінің құқықтары мен бостандықтарын және міндеттерін білуі жөнінде болады. Қазақстанда сіздердің құқықтарыңыз қорғалмаған жағдайда Жоғары Соттың жауабын алдыңыз, Бас прокуратураның, сізде «қандай механизм қалды, енді не істеуіміз керек?» дегенде біз сол БҰҰ шарттық органдарына арыз-шағым жазу механизм тетіктерін үйретеміз.