Араб саяхатшылары Алматыға жиі сапарлайды

Алматы - араб саяхатшылары үшін Орталық Азиядағы танымал туристік аймақ.

Тау-шаңғы базасына Парсы шығанағынан арнайы келетіндер көп. Қазақ даласына саяхатты жергілікті туркомпаниялар ұйымдастырады. Олар Қазақстанның көрнекті жерлері туралы ақпарат беретін мобильді қосымша әзірлеген. Жоба Абу-Дабиде өткен инвестициялық форумда таныстырылды. 

Араб саяхатшылары Алматыға жиі сапарлайды. Жағымды үрдісті кейінгі кезде әмірліктегі туристік компаниялар да аңғарып отыр. Сала өкілдерінің айтуынша, еліміздің климаттық және географиялық ерекшелігі парсы шығанағынан мыңдаған мейман тартудың бірден-бір мүмкіндігіне айналды. Тіпті қысқы спорт түрлеріне келгенде, оңтүстік астанамыз ауқымды жаттығу базасы ретінде қарастырылады.

Дубай тұрғыны Хумам Хамуда еліміздің тау-шаңғы базаларына бірнеше рет аялдап, көп жерде кездесе бермейтін бірегейлікті байқаған. Ол Қазақстанның туризм секторында қысы-жазы адам аяғы арылмайтын әлеует барын айтады. Осыны ескерген кәсіпкер туристік компания ашып, шығанақ елдерінен Алматыға саяхатшы тарту ісіне кіріскен. Өзі де Алатау шыңы мен баурайын жиі аралап, қысқы спорт нысандарына бас сұғады.

Хумам Хамуда, Дубай тұрғыны:

- Қазақстанға алғаш барған кезімізде инвестицияға қолайлы жағдайды көрдік. Ең алдымен жер ауқымы кең. Түрлі табиғи ерекшелікті көруге болады. Таулы жерлерге саяхаттасаңыз, өзен-көлдерді кездестіресіз. Қазір Алматыда біздің туристік және инвестициялық бағытта жұмыс істейтін компаниямыз бар. Араб халқы Қазақстан жайлы көп сұрап жатады. Біз олар үшін таңсық саналатын тау-шаңғы курорттық аймақтарына баруды ұсынамыз.

Қазақстанның туристік әлеуетіне деген қызығушылық жаңа мобильді қосымшаның іске қосылуына түрткі болды. Араб тілінде қызмет көрсететін платформаға еліміздің туристік бағыттары енгізілген. Қосымша жасанды интеллектімен жұмыс істейді. Жаңа бағыттармен толығып отырады. Қолданушы сапарын алдын ала жоспарлап, билет және қонақүй қызметіне тікелей тапсырыс береді.

Юсеф Хамуда, Дубай тұрғыны:

- Біз тұтас Таяу Шығыс елдеріндегі араб тілді қауымға қолайлы мобильді қосымша жасадық. Онда Қазақстанның туристік бағыттары туралы тың деректер жарияланып отырады. Ағылшын және араб тілінде ақпарат береді. Іздеу бөліміне Алматы деп жазса болғаны бағдарлама тиімді саяхаттау жолдарын ұсынады.

Жалпы араб туристері үшін Қазақстанның жазғы және қысқы демалыс орындары мен тарихи нысандары да тартымды. Олар кейінгі кезде елімізге Рамазан айында да жиі саяхаттайтын болды. Алматыдан бөлек, Астана және Алматы облысы үздік үш бағыттың қатарында. Тағы бір ерекшелік, араб жерінде мүлде қыс болмайды. Әрі жауын-шашын сирек. «Сондықтан жылдың 4 мезгілімен мақтанатын Қазақстанның әмірлік халқы үшін танымал туристік бағыт атануы заңдылық», - дейді мамандар.