Зейнетақы активтерінің инвестициялық табысы қалпына келді

Бірыңғай зейнетақы активтерінің құны 22,3 трлн теңгені құрады.

Бұл 10 жыл бұрынғы көрсеткіштен 5 есе артық. Айта кетейік, биыл алғашқы үш айда инвестициялық табыс теріс мәнге ие болып, төмендеген еді. Бұған Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарының құны артып, теңгенің долларға шаққандағы бағамының құбылуы әсер еткен. «Жалпы бұл жыл басында болатын қалыпты жағдай. Уақытша құбылысқа қатысты халықтың уайымдауына негіз жоқ», - деп түсіндірді Ұлттық банктің монетарлық операциялар департаменінің басшылығы. Қазір зейнетақы активтерінің инвестициялық табысы қалпына келген. Бүгінде активтердің 40 пайызы шетелдік валютада, қалғаны теңгеде сақталып отыр. 

Нұржан Нұрғазин, ҚР Ұлттық банкі монетарлық операциялар департаменті директорының орынбасары:

- Сәуір айының басынан бастап жағдай оң бағытқа өзгерді. Шамамен 400 млрд теңгеге инвестициялық табыс тіркелді. Бұл бірінші тоқсандағы шығындарды өтеуге мүмкіндік берді. Ұзақ мерзімді перспективада зейнетақы активтері тұрақты өсім көрсетіп келеді. 2024 жылдың сәуірінен 2025 жылдың наурызына дейін инвестициялық табыс 2,4 трлн теңгені құрады. Ол 12 пайызға дейін жетті.