Жыл басынан бері 34 орман өрті тіркелді

Жыл басынан бері 4855 гектардан астам аумақта 34 орман өрті тіркелді.

Алдағы жаз құрғақ әрі өрт қаупі жоғары болады деп болжанып отыр. Бұл жайында  Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев мәлімдеді. Сондай-ақ ол өрт маусымына дайындық жайында мәлімет берді. Еліміздің оңтүстік өңірлері үшін өрт маусымы 26 наурызда басталды. Батыс, солтүстік және орталық өңірлер үшін 7 сәуірден, Шығыс аймақта 14 сәуірден бастап өрт қауіпті кезең деп белгіленді. Жыл басынан бері 3,7 млрд теңгеге ормандарда қозғалатын 136 патрульдік техника  мен 60 трактор сатып алынды. Тағы 11,3 млрд теңгеге 166 өрт сөндіру машинасы, өзге де қажетті жабдық маусым айының соңына дейін сатып алынады. Облыстарда утиль төлем есебінен лизингкке 20 млрд теңге бөлінді. Оған қоса қажетті техниканы сатып алуға жергілікті бюджеттерден 6,3 млрд теңге қарастырылып отыр. «Бұл дайындық шаралары орман өрті жиі болатын 11 өңірді 100% жарақтандыруға мүмкіндік береді», - деді Экология вице-министрі. Сондай-ақ биыл 5,6 млн гектар мемлекеттік орман қоры дала өртін ерте анықтау жүйесімен қамтылады. Тілсіз жаудың алдын алуға көмектесетін жүйе «Семей орманы» резерватында бюджет қаражаты есебінен тағы 23 орман шаруашылығында утиль төлем есебінен орнатылады.

Нұркен Шәрбиев, ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі:

- Өткен жылдардағы ірі орман өрттерін талдау нәтижесіне сәйкес олардың туындауының негізгі себептері: өрттің даладан ауысуы мен құрғақ найзағай, ал таралу себептері: алшақтық, жетуге қиын жерлер және жол желісінің болмауы. Қазгидрометтің болжамы бойынша биыл жаз өткен жылдарға қарағанда ыстық болады. Осыған байланысты облыс әкімдіктері дала өрттерінің алдын алу және жою бойынша жан-жақты шаралар қабылдап, орман шаруашылықтарының күштері мен құралдарын толық жауынгерлік дайындыққа келтіруі қажет.