Қазақстанда эндаумент-қорлар туралы заң жобасы мақұлданды
Қазақстанда эндаумент-қорлар туралы жеке заң пайда болады, деп хабарлайды 24kz.
Мәжіліс тиісті заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Жаңа құжатқа сәйкес нысаналы капитал қорлары табыстары мен шығындары туралы есеп беруге міндеттеледі. Бұл ақпаратты ашық жариялап, жыл сайын аудиттен өтуі керек. Заң жобасы эндаумент-қорлардың жұмысын реттей отыра, оны дамытуға мүмкіндік бермек. Осы арқылы әлеуметтік маңызды салаларға қаржы тартып, бюджет жүктемесі азаяды деп күтілуде. Шетел тәжірибесіне сүйенсек, эндаумент-қорлар университет пен ғылыми институттардың жанындағы қаржы нарығының бір бөлігіне айналған. Атқамінерлер біздің де елде осындай жағдай жасап, академиялық дербестік қалыптастыруға ниетті. Сол үшін білім беру ұйымдарына қор кірісін студенттерді ынталандыруға жұмсауға рұқсат беріледі. Сондай-ақ ғалымдар мен ғылыми қызметкерлерге бөле алады.
Айта кетейік, қазір елімізде 22 эндаумент қор бар. Олардың 15-і орта есеппен 1 млрд теңге капитал мөлшерімен денсаулық сақтау саласына бағытталған.