Ақмола облысында 300-ге жуық жасөспірім полиция бөлімшелеріне жеткізілді
Ақмола облысында бір апта ішінде 300-ге жуық жасөспірім полиция бөлімшелеріне жеткізілді, деп хабарлайды 24kz.
Кәмелетке толмаған балалар ішімдік ішіп, түнгі мезгілде көшеде және көңіл көтеру орындарында жүргені, сондай-ақ, түрлі заңбұзушылықтар жасағаны үшін ұсталған.
«Мұның басты себебі – балалардың ата-ана қарауынсыз қалғанынан», - дейді мамандар.
Абзал Азаматұлы, тілші:
- Аймақта жасөспірімдер арасында құқықбұзушылық дерегі азаймай тұр. Әсіресе, беймезгіл уақытта жалғыз жүретіндер көп. Мысалы, соңғы аптада полиция бөлімшесіне жеткізілген 300-ге жуық баланың 245-і түнде жалғыз жүргені үшін ұсталды. Жалпы жасөспірімдер арасындағы заңбұзушылықтың алдын алу үшін тәртіп сақшылары мен прокурорлар және волотёрлер де күш біріктірген.
Рамазан Бауыржан, волонтёр:
- Олардың көбі біздің құрдасымыз ғой. Сондықтан тез арада тіл табысып, қылмыс жасамауға шақырамыз. Осындай қоғамдық бақылау арқылы көптеген жасөспірімдер түзу жолға түсті.
Кәмелет жасына толмағандарды жиі қылмысқа итермелейтін жайттардың бірі – есірткі саудасы. Көбі оңай табыс табуға ұмтылады. Ақыр соңы қылмысқа апарады.
Нұрдәулет Исмайл, Көкшетау қалалық прокуратурасының прокуроры:
- Біздің тараптан колледж, мектептерге бару арқылы оларға сол Қылмыстық кодекстің 296, 297-баптарын түсіндіру арқылы олардың жауапкершілігі 10 жылдан болатынын, өздерінің өмірлеріне балта шауып жатқандарын түсіндіру арқылы алдын алып жатырмыз.
Рейд барысында алдымен осындай ойын клубтары тексеріледі. Өйткені түнгі уақытта мұнда кәмілетке толмаған балалар көп жүреді. Полицейлердің айтуынша, олардың заңды өкілдері, яғни, ата-аналары мен ет жақындары жауапкершілікке тартылады. Қазір өңірде 700-ге жуық отбасы есепте тұр. Жалпы соңғы жылдары өңірде жасөспірімдер арасында заңбұзушылық көбейгенімен, қылмыс саны азайған.
Ерболат Құсайынов, облыстық ПД басқарма бастығының орынбасары:
- Кәмелетке толмағандардың азайған оңтайлы нәтижелері қаралады. Мысалы, 2020 жылмен салыстырғанда сол жылдары 100 қылмысқа дейін тіркелсе, бүгінде бір жылда 50-60 шамасында қылмыс тіркеледі. Көбінесе біреудің мүлігіне қол сұғу және денсаулыққа жарақат келтірумен байланысты қылмыстар.
Сондай-ақ жауаптылар әлеуметтік желілерді де бақылауға алған. Өйткені зиянды заттардың көбі сол жерде жарнамаланады. Жедел алдын алу шарасы аясында 33 интернет контент анықталып, олардың жұмысына тыйым салынды.
Авторлары: Абзал Балтабаев, Евгений Щинкаренко