Қостанайлық сақтандыру төлемін алудың сергелдеңіне түскен

Жол апатының кесірінен жүкті әйелі мен баласы опат болған қостанайлық тұрғын сақтандыру төлеміне қол жеткізе алмай жүр.

Ал компания өкілдері қайғылы оқиғаға кінәлі жүргізушінің сақтандырылмағанын, демек бұл өтемақы төлеуге негіз емес екенін алға тартады. Қалалық сот та бұл шешімді құптап отыр. Ал талапкердің қорғаушысы қара жамылған отбасына сақтандыру төлемін жасау заңда қарастырылғанын айтады. 

Сақтандыру төлемін алудың сергелдеңі

Бір жарым жыл бұрын болған жол көлік оқиғасы бүтін бір отбасының тағдырын ойран етті. Жол апатынан Қуаныш Махмұтовтың ай күні жақындап отырған әйелі, бір қыз баласы қаза тапты. Тағы үш баласы, өзі де ауыр жарақат алды. Сол бір қайғылы күнді қайтадан жадында жаңғырту Қуанышқа аса қиын. Бізден түр әлпетін көрсетпеуді өтінді.

Қуаныш Махмұтов, талап қоюшы:

- Қалған үш баламның жағдайы, ұлымның қол аяғы сынған, жазылды, кетті. Қазір кішкентай қызымның жарақаты қалды. Ортаншы қызымның реабилитация өтіп жатырмыз. Кішкене жағдайы дұрыс болмай жатыр. Мүгедектік деп берген. Өзім үш операция өттім, енді жамбас жаққа тағы бір операция керек.

Жол оқиғасына кінәлі көлік иесі мас күйінде болған. Оның үстіне жүргізушілік куәлігі де жоқ. Сот үкімімен ол 6 жыл 8 айға сотталды. Бірақ одан Қуанышқа не қайыр. Анасыз қалған үйелмелі сүйелмелі үш баласының жағдайын ойлап алаң. Тиесілі сақтандыру өтемақысын да ала алмай жүр. Сақтандыру компаниясы төлеуден бас тартқан соң сотқа да жүгінген.

Ләззат Байғожина, Облыстық соттың баспасөз хатшысы:

- Сотта қаралған нақты осы азаматтық істе оқиғаға кінәлі жауапкер сақтандыру шарты бойынша тарап болып табылмайды. Яғни ол сақтандырылмаған.  Осы негізде сот талапкердің сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруға мәжбүрлеу туралы талабын сот қанағаттандырмады. 

Қысқасы, кінәлі жүргізуші сақтандырылмаса, жәбірленушіге сақтандыру өтемақысы төленбейді. Ал қорғаушы заңгер Болатбек Ысқақовтың айтуынша, көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру заңында ондай төлем жасау қаралған.

Болатбек Ысқақов, қорғаушы-заңгер:

- Жоғарғы Соттың нормативтік Қаулысында да жазылған, егер жүргізуші мас немесе жүргізушілік куәлігінсіз көлік тізгіндесе де сақтандыру компаниясы өтемақы төлеуі қажет. Яғни жәбірленушіге регресс бойынша төленеді. Ал кейін жол көлік апатына кінәлі тараптан өндіріп алады. Осындай заң нормасы болса, ол жұмыс істеу керек қой. Шешім тек заңды ғана емес, әділетті болуы керек.

Осылайша қалалық соттың шешімімен келіспеген талап етуші тарап облыстық сотқа аппеляциялық шағым түсірді. Қуаныштың өзі бұл айтыс-тартыстан психологиялық, физикалық тұрғыда қатты қажығандығын айтады.