Отандық азаматтық авиацияны басқарудың оңтайлы үлгісін әзірлеу қажет
Елдегі әуекомпанияларды отынмен қамтамасыз ететін бірыңғай жүйе қажет.
Себебі әуе билеттерінің шарықтаған бағасы осы ұшақ отынының құнына тәуелді болып отыр. Сенатор Сүйіндік Алдашев осылай деп Үкіметке депутаттық сауал жолдады. Ол өзінің депутаттық сауалында Қазақстанның азаматтық авиациясындағы проблемаларды тізіп берді. Айтуынша отандық мұнай өңдеу зауыттары сұранысты толық өтей алмай отыр. Нәтижесінде импорттан алуға тура келеді. Қазірдің өзінде отын тапшылығы шамамен 237 мың тоннаны құрап отыр. 2030 жылға қарай бұл тапшылық 550 мың тоннаға жетеді деген болжам бар. Бұл еліміздегі әуе билеттерінің қымбаттауына әкеп отыр. Мәселен билет құнының 36,5 пайызын отын алып отыр. Өкінішке қарай бүгінде авиаотынды сату мен оның бағасын белгілеудің ашық тетігі жоқ. Оған техникалық қызмет көрсету мен әуежайдағы қызмет көрсетуді қосыңыз. Сенатор бұл олқылықты реттеу үшін отандық мұнай өңдеу зауыттарында өндірісті ұлғайту мәселесін шешу керектігін айтады. Отандық азаматтық авиацияны басқарудың тиімді оңтайлы үлгісін әзірлеуді ұсынды.
Сүйіндік Алдашев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты
- Жалпы алғанда қайтадан қарау керек. Мысалы кейбір әуежайдың тарифтері 2014 жылдан бері қайа қаралмаған екен. Осы себептен біз бәсекелестікті қорғау, табиғи монополяларды реттеу агенттігіне біз осы мәселелерді қайта қарап кейбір қызметтік саланы реттеуді азайтуды айттық.