Елордада әлеуметтік кәсіпкерлік орталығы ашылады
Елордада әлеуметтік кәсіпкерлік орталығы ашылады, деп хабарлайды 24KZ. Ол Орталық Азиядағы алғашқы хаб болмақ. 422 шаршы метр аумақты алып жатқан бірегей нысанның құрылысы қазір аяқталуға жақын. Орталық саладағы қордаланған мәселені шешуге қаншалықты ықпал етеді? Онда іскер азаматтарға қандай мүмкіндіктер қарастырылған?
Дәл қазір ағаш ұстаханасында қабырға панельдері әзірленіп жатыр. Қазақи ою-өрнек қонған ағаш жабынды хабтың ішкі қабырғаларына әр бермек. Шаңырақ пішіндес тұтқасы бар өрнекті есік те ішкі бөлменің көркін аша түспек. Орталық Азиядағы алғашқы әлеуметтік кәсіпкерлік хабы ұлттық нақышта безендірілетінін осыдан-ақ аңғаруға болады.
Бақыт Кәтенов, тігін цехының басқарушысы:
- Әлеуметтік кәсіпкерлер хабынан арнайы тапсырыс келіп түскен. Ұлттық нақыштағы жарықшамдарын жасадық. Міне, бәрі де қолмен жасалды. Ұстаханадағы жігіттер мынадай кескіндеме жасап, сүргілеп, қаңқасын құрастырып берді. Біздің тігін цехы жұқа киізге ою-өрнек жабыстырып, шамның сыртын қаптап шықты. Содан кейін әдемілік үшін жиегін жылтыр таспамен әсемдедік. Үлкен-кішілі шамдар түрлі деңгейде ілініп тұрған кезде әдемі көрінеді деп ойлаймын.
Астанадағы хаб елдегі ғана емес, тұтас Орталық Азия аумағындағы әлеуметтік кәсіпкерлікке қолдау көрсетуді көздейді.
Эмин Әскеров, әлеуметтік кәсіпкер:
- Қазіргі таңда көршілес елдерге қолдау көрсетіп, жылдар бойы жинақталған тәжірибемен бөлісіп келеміз. Хаб әлеуметтік кәсіпкерлердің негізгі мәселесін шешуге бағытталған. Кәсіпкерлікке оқытудан бастап дайын өнімдерді саудаға шығаруға дейін көмек көрсететін болады. Мұнда әлеуметтік кәсіпкерлер, мүгедектігі бар жандар өндірген тауарлардың шоу-румы орналасады.
Әлеуметтік инноваторлар қауымдастығының негізін қалаушы әрі әлеуметтік кәсіпкер Эмин Әскеров осы жобаны іске асыруға бел шеше кіріскен. Тіпті тәжірибе алмасу үшін таяуда Араб Әмірліктеріне арнайы барыпты.
Эмин Әскеров, әлеуметтік кәсіпкер:
- Біздің Үкімет пен Парсы шығанағы елдерінің үкіметтері де әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға ден қойғаны байқалады. Дегенмен ол жақта әлеуметтік бағыттағы бизнеске қаншалықты қолдау көрсетілетіні таңғалдырды. Мәселен, салықтан босатылу, 3%-тік несие, коммерциялық аумақтарды жеңілдікпен жалдау сияқты түрлі жағдай жасалған. Араб Әмірліктері де 100% мемлекеттің қолдауымен жеке хаб ашқалы жатыр. Өйткені мүгедектігі бар жандарды қолдаудың бірден бір тетігі – әлеуметтік кәсіпкерлік. Сондықтан оны қазірден дамыту керегін түсініп отыр.
Астанадағы хабтан фото-бейне студия, оқыту және қолдау орталығы, коворкинг, әлеуметтік бизнес тауарларына арналған дүкен мен этнодәмхана ірге теппек. Орталық Азия елдерінің әлеуметтік кәсіпкерлеріне қызмет көрсететін хаб мамыр айында ашылады деген жоспар бар.
Авторлары: Бақыт Топтаева, Мадияр Қындыбаев