Заңсыз қоқыс үйінділермен күрес күшейтіледі

Қарағанды облысында заңсыз қоқыс үйінділермен күрес ерекше бақылауда болады.

Осы ретте ғарыштық бақылаудың мүмкіндігі кеңінен пайдаланылады. Былтыр космомониторинг арқылы рұқсатсыз төгілген 656 қоқыс үйіндісі анықталып, түгел жойылды. Полицейлердің күшімен қоршаған ортаны ластаған 40-тан астам жеке тұлға әкімшілік жазаға тартылды. Экологтар ғарыштан түсірілген деректерге сүйене отырып, мамыр айында тәртіп сақшыларымен бірлескен рейд ұйымдастырады. 

Әділет Қоянбаев, Экология департаментінің бас маманы:

- Біз жергілікті полиция қызметіне қоқыс тасталатын аумақтарға бейне бақылау қою туралы хат жолдадық. Облыс бойынша кем дегенде 300 камера орнатылады. Бұдан бөлек жеке тұлғалар үшін қоқысты елдімекен сыртына шығару қызметінің бағасын төмендетуге қатысты өтінім жібердік.