Тереңсай асуын айналып өтетін жол құрылысы биыл аяқталады

Шығыс Қазақстан облысында Тереңсай асуын айналып өтетін жол құрылысы биыл аяқталады.

Бұл жоба қағазбастылық салдарынан талай жыл тоқтап қалған еді. Мердігер компания жол құрылысын жалғастыру үшін орман шаруашылығына тиесілі жер телімін өз балансына ала алмай сенделді. Мәселе шешілген соң, жоба құны қымбаттап, түзетулер енгізуге тура келді. Жергілікті жұрт 9 жыл күткен жол жұмысы 2023 жылы қайта жанданды. Қазір биіктігі 42 метр, ал ұзындығы 175 метр болатын көпір салынып жатыр. Бұл елде тау ішіндегі ең ұзын өткел болмақ.

Өскемен - Қатонқарағай - Рахман Бұлақтары бағытындағы бұл трасса - ең  қауіпті. Себебі шатқалды бойлай жүретін бұралаң жолдың сапасы сын көтермейді. Экспедитор Сұлубай Жақсыбайұлы - аптасына кем дегенде бір рет ең шалғай ауылдарды  аралап, тауар жеткізеді. Сондықтан қазіргі жолдың жайын жақсы біледі.

Сұлубай Жақсыбайұлы, көлік жүргізушісі:

- Қыста екі жүк көлігі қарама-қарсы келіп қалған кезде сыймай қалатын кездер болады. Жағдайы өте нашар десек те болады. Осы қар еріп кеткеннен бері шұңқырлар шығып жаңадан қайта жаман боп жатыр ғой.

Қауіпті жолды айналып өтетін жаңа жол-құрылысының ұзаққа созылуына себеп көп. Жап-жақсы басталған жұмыс орман шаруашылығы аумағына тиесілі жерге жеткенде тоқтап қалған еді. Ол учаскені мердігер өз теңгеріміне аудару үшін 4 жыл керек болды. Бұл аралықта жоба қымбаттап, мердігер ауысып, жалпы 9 жыл уақыт босқа өтіп кетті. 2023 жылдың күзінде жұмыс қайта жалғасты. Енді жалпы ұзындығы 28 шақырымды қамтитын жоба аяқталуға жақын. 

Қуанышбек Ибраев, «ҚазАвтоЖол» ҰК ШҚО филиалының бас маманы:

- Қар жамылғысы кеткен күннен және күн жылынғаннан кейін толық кірісуге мүмкіндік туды. Қазір мердігерлер жер төсемін, су өткізу құбырларын салу жұмыстарын  жүргізуде.

Құрылысшылар жолдың ең қиын әрі ең жауапты тұсына да келіп жетті. Өйткені бұл жермен тау өзені өтеді.

Пихтовка өзенінің үстімен өтетін көпірді салу үшін алғашқы дайнындық жұмыстары басталды. Қазаншұңқыр қазылып, керекті материалдар жеткізіліп жатыр. Ұзындығы 175, ал биіктігі 42 метр болатын бұл өткел  еліміздегі ең күрделі инфрақұрылымдардың бірі болмақ.

Тау арасын жалғайтын көпірді салу оңай емес, - дейді мердігерлер. Дегенмен 5 айда гидроқұрылғы дайын болады деп сендірді.

Бейсеналы Орынбеков, учаске бастығы:

- Мұнда жұмыс істеу өте қиын.Үлкен қауіпке толы. Техника, мінеки, жартас шетінде ғана істеп жатыр. Осында бетон араластыратын құрал да түсіріледі. Дегенмен күн райы қолайлы болса, 5 айда салып қоямыз.

«Серпантинді айналып өтетін жол-құрылысының маңызы зор. Мәселен күні кеше шатқалдан сарқырай аққан қар суы төмендегі тас жолдың шетін опырып, шайып кеткен еді. Жер бедерінің қиындығынан жол төсемі 16 сағат дегенде әрең қалыпқа келтірді. Ал жаңа автотрасса биыл салынып бітсе, мұндай қолайсыздық қайталанбасы анық», - дейді мамандар.