Шерзат ісі: күдіктілер кінәсін толық мойындамады. Live

Шерзаттың қазасына қатысты ұсталған күдіктілер кінәсін толық мойындамады. Кеше прокурорлар күні бойы айыптау актісін оқып, тоғыз айыпталушының әрқайсысына жеке-жеке жеткізді.

Кеше күні бойына жалғасқан айыптау актісінен соң сот төрағасы Ержан Жанұзақов айыпталушылардан кінәсін мойындайтынын я мойындамайтынын сұрады.  Басты күдікті деп танылған Абзал Шынасыл «Адам өлтіру» бабымен келіспейтінін жеткізді. «Адам өлтіруге оқталу» бабы бойынша ұсталған Дархан Әскентай да кінәсін мойындамады. Қалғандары да осындай пікір білдірді. Тек Нұрбол Тоқтаубаев пен Азамат Тоқтаубаев ішінара мойындайтынын айтты. Осыдан кейін сот төрағасы процес тәртібін анықтады. Соған сәйкес бүгінгі отырыс жәбірленушілерден сұрақ жауап алудан басталды. Алғашқы болып Шерзаттың апасы Жұмабике Кадирова сол күні басынан өткен жағдайды баяндады. Ол сотталушылардың арасынан Абзал Шынасылды танитынын айтты. Әрі Шерзатқа бара жатқанда сол жігіт қағып жіберіп, құлатқанын баяндады.