Елде жүк көліктерінің жүрісі шектеледі

Келесі жылдан бастап жүктерді өзі аударғыш көліктер ортақ автомобиль жолдарына шыға алмайды.

Сондай-ақ кез келген көшелермен қозғалуына қатаң шектеу күшіне енеді. Қазір Көлік министрлігі жаңа тыйымды жүзеге асыруға әзірленіп жатыр. Енді жүк артқан адам да, қабылдаған бизнес нысандар да жазалануы мүмкін. 

Жетісудағы «Қарабұлақ – Сарыөзек» бағытындағы тасжолдың сапасы сын көтермейді. Осыдан 10 жыл бұрын салынған асфальт, көктем келе сөгіліп, ыдырап кеткен. Тұрғылықты жүргізушілердің айтуынша жолға түскен жүк ауыр. Тас жол жүк көліктерінің үздіксіз жүруінен бүлінген.

Есбол Байботанов, Онжас ауылының тұрғыны:
- ГЭС жасап жатыр ғой. Солардың ауыр тракторлары жолды ойып тастап жатыр. Бір айдай болды, ешкімнен хабар жоқ. Жүріп-тұруымызға қиын. Көрмеген адам көлігін құртады. Жасап беруін сұраймыз.

Иә, аса ауыр жүк көліктерінен жолға келетін зиян жетерлік. Мәселен 10 метр жолды жөндеуге асфальт тиеп әкелген көлік 10 шақырым жолдын сиқын бұзады. Былтыр елде осындай 80 мыңнан аса учаскескенің бүлінгені анықталған.

Нұрлан Ақан, ҚР КМ Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінің сарапшысы:

- 25 тоннаны мысал ретінде алсақ, 3 бірлікті самосвал. Әр көлік құралының өзінің салмағы болады. Мысал ретінде 3 бірлікті самосвалдардың салмағы 11-12 тонна болса, оның үстіне 25 тоннаға дейін жүкі артуға болады. Қазір көп жағдайда 11 тонна жүк көлігінің үстіне 25-30 тоннаға дейін жүк салып алады. Бұл жолдың мезгілінен бұрын тозуына әкеліп соғады.

Көлік министрлігі үш жыл бұрын салмағы 25 тоннадан асатын ауыр жүктердің қозғалысына тыйым салған. Алайда шектеуді пысқырмай, шамасынан асырып жүк артып алатындар азаймай тұр. Бақылауды күшейту үшін енді елде 200-ден аса автоматты салмақ өлшеу жүйелерін орнатпақ.

Нұрлан Ақан, ҚР КМ Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінің сарапшысы:

- Енді ауыр жүкті қабылдаған бизнес нысандарына айыппұл салынбақ. Мұның сыртында шамадан артық жүк артқан көлік иелері де жазалануы мүмкін.

Сайран Медеров, Тасымалдаушылар қауымдастығының атқарушы директоры:

- Біз қауымдастық ретінде бұл қағидаларды барлығы орындауы керек деп санаймыз. Атқарылып жатқан шаралар тасымалдаушылар арасында бәсекелестік тудырады. Тиісті бақылау мен ашық жұмысты қамтамасыз ету үшін автоматты салмақ өлшеу жүйелерін көбейту керек.

Елде былтырдан бері көліктік бақылау күшейтіліп жатыр. Бас қалаға кіретін барлық жүк­ көлігі автоматты түрде өлшеуден өтеді. Шаһарда бір айдың өзіңде 500-ден аса жүк көлігі салмақ нормасын бұзған. Оларға салынған айыппұлдың жалпы сомасы 100 млн теңгеден асты.