Өңірдегі ауылдардың 100 пайызы ауызсумен қамтылады

Қарағанды облысындағы Шерубай-Нұра ауылы ауызсудан таршылық көріп отыр.

Тұрғындар суды жалғыз құдықтан тасып ішеді. Себебі су жүйесінің істен шыққанына біраз болған. Жалпы өңірде су тартылмаған 50-ге жуық ауыл бар. Жыл соңына дейін барлығын тіршілік нәрімен қамту жоспарланып отыр. Шерубай-Нұра ауылында 100-ден аса адам тұрады. Олар тіршілік нәрін ескі су торабындағы жалғыз құдықтан тасып ішеді. Ал оған су келетін резервуар ашық жатыр. 

Ашық Ақтаев, Шерубай-Нұра ауылының тұрғыны:

- Мынау біздің су сақталатын резервуар. Халық айтқандай құрт-құмырсқамен ішеміз. Суға құстар құлайды, солардың жүнімен, етімен қосып ішіп жүрміз.

Аудандағы эпидемиолог мамандар әр тоқсан сайын суды тексеріп тұрады. Бірақ сапасына қатысты ешқандай мін болмаған. Қазір ауылда ескі су жүйесінен қалған құбырлар әр жерде қалқиып тұр. Жергілікті биліктің оларды жөндеп береміз деп уәде еткеніне біраз болған. 

Еркебұлан Асқаров, Абай ауданы әкімінің орынбасары:

- Шешеміз бәрін. 8 калонканың 2-ін алып тастап, 6-ын жаңартамыз. Оған 2 ай уақыт кетеді. Ал нысан бойынша біраз уақыт алады. 2-3 айға дейін істеп бітіреміз.

Былтыр ауыл-аймақтарды ауызсумен қамту бойынша 33 жоба жүзеге асты. Жалпы ұзындығы 98 шақырым құбыр тартылып, 29 елді мекенде су тазартқыш модульдер орнатылды.

Дастан Ермекбаев, Энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:

- Қарағанды облысында барлығы 342 ауыл бар. Оларда 200 мың халық тұрады. Соның 271 ауылында яғни, 97,5 пайызы орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етіліп тұр.

Биыл өңірде тұрғын саны көп ауылдарды ауызсумен қамту бойынша 4 ірі жоба жүзеге асырылады. Сонымен қатар 45 елдімекенде су тазартқыш модульдер пайда болады. Жалпы жыл соңына дейін ауылдардың 100 пайызын тіршілік нәрімен қамту жоспарланған.