Ақмола облысының Ақкөл қаласында суперкомпьютер іске қосылды

Ақкөл қаласында «Param Bilim 2» суперкомпьютері іске қосылды, деп хабарлайды 24kz.

Өнімділік қуаты 1 Петофлопсқа дейін жететін заманауи есептеуіш құрал Еуразия ұлттық университетіне тиесілі. Алып кешеннің жоғары мүмкіндігін студенттер мен есептеу жұмыстарымен айналысатын ғылыми зерттеушілер пайдалана алады. Ашылу салтанаты «Қазақстанның цифрлық трансформациясы» атты ғылыми-тәжірибелік конференциясы шеңберінде өтті.

Мирлан Алтынбек, тілші:

- Бұл суперкомпьютерге арналған деректерді өңдеу орталығы жасанды интеллект, Big Data, яғни, үлкен деректер, кванттық технология, посткванттық криптография және тілдік модельдеу сияқты салаларда есептеу жұмыстарымен айналысатын ғылыми зерттеушілерге таптырмас құрал. «Осыған байланысты ғалымдардың мына алып кешенге деген қолжетімділігін мейлінше арттыру керек», - дейді мамандар.

Жаңартылған суперкомпьютер мемлекет басшысының ұлттық жоғары өнімді есептеу инфрақұрылымын дамыту қажеттілігі туралы тапсырмасын орындау шеңберінде іске қосылды. Ғылым және жоғары білім министрлігі бұл іске үлкен жауапкершілікпен кірісті.

Динара Щеглова, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі:

- Қазір академиялық кластерде 3 суперкомпьютер бар. Олар ҚазҰУ, ЕҰУ және Қ.Сәтпаев атындағы техникалық университет. Мысалы ҚазҰУ суперкомпьютері Қытай Халық Республикасымен бірге жүзеге асырылған жоба. Бүгінгі таңда ашылып жатқан суперкомпьютер Үндістан үкіметімен бірге ашылған жоба. Енді келесі жоба Сәтпаев атындағы университет 100 Петофлопс суперкомпьютерді әкелейін деп жатыр.

Алдағы уақытта Еуразия ұлттық университетінің ғалымдары мен студенттері «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесе отырып, қолданбалы жобаларда суперқұрылғының мүмкіндіктерін сынап көрмек.

Аида Мұратова, Л.Гумилёв атындағы Еуразия ұлттық университетінің II курс студенті:

- Менің жобам ол Data Center туралы. Одан өте қатты жылу бөлінеді, оны бостан бос ауаға жібермей, оны насостар арқылы өткізіп, жылыжайларға, тұрғын үйлерге жылу беру арқылы өткізе аламыз. Және де суперкомпьютер біздің сейф деп айтуға болады.

Компьютер жадына Үндістанның C-DAC орталығында жасалған High Performance Computing (HPC) бағдарламасы орнатылған. Қазір қызмет түрлерін кеңейту бойынша халықаралық өндірушілермен де келіссөздер жүріп жатыр.

Ерлан Сыдықов, Л.Гумилёв атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры:

- Осыдан 10 шақты жылдан астам уақыт бұрын Үндістан елінің премьер-министрі Нарендра Модидің Қазақстанға іссапарында біздің елмен бірлесіп келісім-шартқа қол қойды. Соның ішінде ЕҰУ негізінде суперкомпьютер орнату мәселесі шешілген болатын. Содан бері суперкомпьютер жақсы жұмыс істеп келді осы уақытқа дейін. Технологияның дамуына байланысты оның ауқымы, атқарар қызметі әлсіз дегеннен кейін оны жаңарту мәселесін алға қойып, апгрейдтелді.

Ғылыми-тәжірибелік конференцияның пленарлық отырысында еліміздің цифрлық дамуы, телекоммуникациялық инфрақұрылымы, спутниктік технология және киберқауіпсіздік мәселелері сөз болды. Тағ, мамандарды даярлау сапасын арттыру мақсатында Еуразия ұлттық университеті Ақпараттық технологиялар факультетінің «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» жанындағы филиалын ашу туралы келісімге қол қойылды.

Нұрсәуле Карелхан, Л.Гумилёв атындағы Еуразия ұлттық университеті ақпараттық технологиялар факультетінің доценті:

- Қазіргі таңда «Param Bilim 2» суперкомпьютеріне жаңа білім беру бағдарламасын ашуға даярмыз. Сонымен қатар студенттер онда жоғары өнімді есептеулер жүргізе алады. Астана қаласынан «Param Bilim 2» компьютьеріне қашықтан қатынау мүмкіндігі бар.

Конференцияға қатысушылар Ақкөл қаласын заманауи ғылым орталығына айналдыруды ұсынды. Атап айтсақ, ғылымда жүрген оқытушыларды тарта отырып, дарынды балаларға арналған мамандандырылған инженерлік мектеп салу идеясы айтылды.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Артур Горшняков