Абай облысында 834 шақырым жолға асфальт төселеді

Биыл Абай облысында республикалық маңызы бар 834 шақырым жолға асфальт төселеді, деп хабарлайды 24KZ. Бұл мақсатқа 107 миллиард теңге бөлінген. Негізгі басымдық халықаралық маңызы бар «Қалбатау – Майқапшағай» тасжолына беріледі. Мамандар бұл бағытты жыл соңына қолданысқа беруге уәде етті.

«Қалбатау – Майқапшағай» тасжолын жөндеу жұмыстары 2019 жылы басталған. Тозығы жеткен трассаның қолданысқа берілуін тұрғындар 6 жылдан бері тосып жүр. Халықарлық дәліз биылдан қалмай ашылады.

Дархан Иманашев, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:

- Көпір жұмыстары аяқталды. Жоғарғы төсем 179 шақырым қалды. Биылғы жоспарымыз бойынша қозғалысты толық ашамыз. Барлық сұрақтар шешілді. Арнайы материалдар, арнайы техника. Қызметкерлер толық дайын. Қаражат мәселесі де толық шешілді.

Жол учаскесіндегі құрылыс жұмыстарымен облыс әкімі арнайы келіп танысты. «Қалбатау – Майқапшағай» тасжолынан бөлек, биыл 16 көпір салынып, 100-ден астам су өткізу жабдықтары орнатылады. Жұмысттардың орындалу барысы қатаң бақылауда болады.

Берік Уәли, облыс әкімі:

- Жалпы ұзындығы 415 шақырымды құрайтын жолдың 184 шақырымы осы біздің Абай облысына тиесілі. Мемлекет басшысы: «Біздің мемлекетімізге ірі инфрақұрылымдық жобалар өте қажет. Ауқымды жобалар аймақтардың экономикалық әлеуетін арттырады», – деп атап өткен болатын. Бұл күрежол өңір тұрғындары үшін аса маңызды. Халық бұл жолды көп жылдардан бері күтіп жүр.

Абай облысында 2176 шақырым жол республикалық маңызға ие. Өкінішке қарай, кейбірінің сапасы сын көтермейді.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Берік Жобалайұлы