АҚШ-та заңсыз жүрген қазақстандықтарға ескерту жасалды
Қазақстан елшілігі АҚШ-тағы заңсыз жүрген азаматтарға ескерту жасады, деп хабарлайды 24KZ. АҚШ-тың депортациялау туралы сот шешімінен кейін елге қайтпай жүргендерге мүмкіндік беріліп отыр.
Бұл азаматтар «CBP Home» мобильді қосымшасын пайдаланып қалаған рейспен ерікті және қауіпсіз түрде елге орала алады. Одан бөлек, тапқан қаражаты өз қалтасында қалады. Құзырлы органдар тарапынан қамауға алынбайды және мәжбүрлі депортациясыз Қазақстанға қайтады. Ал әуе билетін сатып алуға қаражаты жоқ азаматтарға қаржылай субсидия беріледі. Оған қоса болашақта заңды түрде АҚШ-қа қайта келе алады. Ал өз еркімен елдеріне қайтпағандар жедел түрде депортацияланады. Оларға тәулігіне 998 АҚШ долларын құрайтын айыппұл салынады. Бұл сома бес жыл бұрын елден кету туралы сот шешімі шыққан азаматтардан өндіріледі. Сонымен қатар «CBP Home» арқылы қайтатынын білдіріп, бірақ елге оралмағандарға 1000-5000 доллар көлемінде қосымша айыппұл қарастылылған және АҚШ-қа келуге тыйым салынады.