Төлеби ауданында ауыл әкімі құлпынай өндірісін дамытуға күш салып жатыр

«Құлпынай әкім». Түркістан облысының Төлеби ауданына қарасты Бірінші Мамыр ауылдық округінің әкімі Бақытбек Саттарұлын аудан тұрғындары осылай атайды, деп хабарлайды 24kz.

Себебі ол өзі басқаратын округті құлпынай өндіретін ауылға айналдыруды алдына мақсат етіп қойған. Көрші елден сапалы көшеттер әкеліп, ауыл тұрғындарына өнімді қалай күтіп, баптау керектігін де өзі үйретіп жүр.

Бақытбек Саттарұлы бұрын жеке кәсіпкер ретінде егін шаруашылығымен айналысқан. Бірінші Мамыр ауылдық округіне 2 жыл бұрын әкім болып сайланыпты. Тәжірбиелі маман содан бері ауыл тұрғындарын құлпынай егуге баулып, білгенін үйретуде. Тіпті ауыл тұрғындары «көрсін», «білсін» деген ниетпен ауыл әкімдігінің ауласына да құлпынай көшетін егіп қойған.

Бақытбек Саттарұлы, Бірінші Мамыр ауылдық округінің әкімі:

- Қазір ауыл халқы біртіндеп осы салаға қызығып, өзімізде өндірсек деген мақсатпен біраз азаматтар егіп жатыр. Оған да жағдай жасап жатырмыз. Қырғызстаннан сапалы көшеттер алып келіп, әр ауылдан 2-3 азамат осы шаруашылықты дамытуда. Алдағы уақытта бүкіл ауыл халқын осыған бетбұрып, осы ауылды өнім өндіретін ауылға айналдырсақ, себебі біздің Төлеби ауданының жері шұрайлы, ауа райымыз өте қолайлы.

Ауылдық округте жеті елді мекен, 21 мыңға жуық халық тұрады. Тұрғындарды осы салаға бейімдеп, кәсіпке баулу мақсатында сырттан білікті агрономдарды алдырып, семинар сабақтар өткізген. Нәтижесінде құлпынайды табыс көзіне айналдыруға болатынын түсінген кей азаматтар бірден іске кірісіпті. Соның бірі – Бейнеткеш ауылының тұрғыны Мамыр Аманбаев.

Мамыр Аманбаев, Бейнеткеш ауылының тұрғыны:

- Ауылымыздың әкімі Бақытбек Саттарханұлының бастамасымен, демеушілердің көмегімен тамшылатып суару әдісін қолданып, 3 соттық жеріме құлпынай ектім. Биыл мол өнім аламыз деп үміттеніп отырмыз. Ауыл тұрғындарын құлпынай егуге шақырамын. 

Ауыл әкімі былтыр құлпынаймен бірге әкімшіліктің бос жатқан ауласына жеміс ағаштарын егіпті. Қазір Түркиядан әкелінген 40 түп шабдалы мен 40 түп алма, жүзім және шие көшеті гүлдеп тұр. Одан бөлек, салыстырмалы түрде ауыл тұрғындарына көрсету үшін жергілікті көшеттерді де отырғызған. Не нәрсе ексе де сапалы тұқымның жемісі бітік, өнімі берекелі болатынын айтады.

Бақытбек Саттарұлы, Бірінші Мамыр ауылдық округінің әкімі:

- Себебі біздің елдегі кез келген дүкен, сауда орындарындағы жеміс-жидектерді алып қарасаңыз, Қырғызстанның алмасы, мына жағынан Өзбекстанның өнімдері. Осындай керемет жерде тұрып, өзімізді өзіміз сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етіп, азық-түлік қауіпсіздігін ойлауымыз керек. Алда атқарылатын шаруалар көп, Үкіметтен қолдау болса, халыққа үгіт-насихат жұмыстарын көбірек жасасақ, ауыл халқы әп-сәтте өнім өндіретін ауылға айналып шыға келер еді.

Бақытбектің ендігі арманы – «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында ауылда құлпынай өндірісін дамтып, халықтың әл-ауқатын арттыру. Сапалы өнім өндіріп, нарықта бәсекеге қабілетті орта қалыптастыру.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш