Жеңісті Берлинде қарсы алған ардагер естеліктерін бөлісті
Түркістан облысында 99 жастағы соғыс ардагері Анарбай Мырзахметов әлі күнге дейін газет-журнал оқиды. Қарт майдангер ескі суреттердің соңындағы естелік жазбаларға көз жүгіртіп, қарулас достарын есіне алып отырады. Қазығұрт ауданы Қарабау ауылында тұратын ардагер әлі тың. Сыртқа өзі шығып кіреді. Қария зұлмат жылдар жайлы естелігін бөлісті.
Анарбай Мырзахметов 1926 жылы Қарабау ауылдық округіне қарасты Сынтас елді мекенінде дүниеге келген. Соғыс басталғанда 15 жаста болыпты. 1944 жылы 18-ге толған соң бірден әскер қатарына шақырылған. Ғасыр жасаған қария майданда болған жерлерін ұмытып қалғандықтан, бізге қағаздан өзі оқып берді.
Анарбай Мырзахметов, соғыс ардагері:
- Семей қаласында 1 айлық дайындық курсынан өттім. Содан Польшаның Варшава қаласына барып, 1-ші Беларусь фронтына қатыстым. Одан кейін Реко Одер, Эльба өзеніне, Магденбург, Берлин қалаларында болдым.
Анарбай ақсақал Берлинді алуға қатысып, көптен күткен жеңісті сонда қарсы алған. Соғыс аяқталған соң қираған қаланы қалпына келтіру жұмыстарына атсалысып, елге 1950 жылы оралды. Келген соң жұбайы Шамен апамен шаңырақ көтеріп, тұралаған мал шаруашылығы саласын дамытуға күш салды. Ұл-қыз өсіріп, қатарға қосты. «Жас кезінде шалымның мінезі қиындау болды», – деп есіне алды Шамен апа.
Шамен Мырзахметова, Анарбай Мырзахметовтің жұбайы:
- 14 құрсақ көтердім. Оның 4-і кетті, 10-ы бар. Соларды асыраймыз, бағамыз деп осы жасқа келдік. Қыздарды ұзаттық, балаларды үйлендірдік. Ашуы қатты еді, тік мінезді. Шарт-пұрт, жыны келсе, жұлып алып тастайтын. Қыздарға тиген жоқ, ұлдарға қатал болды.
Бүгінде Анарбай ата мен Шамен апа ұл-қыздарынан 47 небере, 93 шөбере, 2 шөпшек сүйіп отыр. Қолындағы кенже ұлы Серік пен келіні Динара қариялардың барлық жағдайын жасап, балаша бағып отыр.
Динара Баракова, келіні:
- Атамыздың жағдайы жақсы, денсаулығы мықты. Дәрігерлер келіп, атаның жағдайын біліп тұрады. Ауданның әкімі әр мереке сайын құттықтап, келіп тұрады. Барлықтарына рақмет айтамын. Көп қимылдағанның арқасында былтырғы күнге дейін қолынан кетпен-күрек түскен емес. Бізге де солай айтады. «Еңбектеніңдер, ол да спорттың бір түрі» деп.
Қазіргі күні Түркістан облысында Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушылар мен оларға теңестірілген 3305 адам бар. Оның сегізі – соғыс ардагері. Соғысқа Түркістан өңірінен 140 мыңнан астам азамат қатысып, оның 70 мыңы ғана елге аман-есен оралды. Оның ішінде 51-і Кеңес Одағының Батыры, біреуі Халық қаһарманы және 8-і үшінші дәрежелі «Даңқ» ордені кавалерлері атағын алды. Жеңістің 80 жылдығына орай әр соғыс ардагеріне 5 млн теңге көлемінде көмек беріледі.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш