Ұлытау облысында 115 жастағы кейуана мал жайғап жүр

Елдегі ең қарт адам Ұлытау облысының Қызылжар ауылында тұрады.

115 жастағы Түймегүл Темірбаева - қазақ тарихының тірі куәгері. Ол ашаршылық пен қуғын-сүргіннің ауыр зардабын көзімен көріп, осы күнге жеткен санаулы жандардың бірі. Балалық шағы еңбекпен өткен кейуана бүгінде де қарап отырған жоқ. Жасына қарамай, үй шаруасына белсене араласып, көрпе тігіп, құрт жаюдан қол үзбейді. Қарапайым тіршіліктің қадірін білетін Түймегүл әже – бірнеше ұрпаққа өнеге болған қайсар жан.

Түймегүл Темірбаеваның саналы ғұмыры бейнелеп айтқанда «аттың жалында, түйенің қомында өтті» деуге болады. Жары Аязбай Темірбаев екеуі Сарысу мен Сөрті өзендері бойында жарты ғасыр жылқы баққан.

Түймегүл Темірбаева, Қазақстандағы ең қарт адам:

- Мал деген оңай емес екен. Жаяу іздеп жүрем. Бие де сауам, бие де байлаймын. Қойды да суарамын, сиырды да суарамын. Бәрін істеп жүріп қазір шаршап отырмын.

Қара жұмыстан қажымаған қайсар жанның қимылы әлі де ширақ. Ғасырдан асқан кейуана қартайдым деп үйде қарап отырған жоқ. Немерелерін арқасына салып өсірген әже өмірден түйгенін енді шөберелеріне үйретіп жүр.

Аңсаған Темірбаева,  Т.Темірбаеваның немересі:

- Бірыңғай мен апамның бауырында өстім. Осы кісінің тәрбиесін алып, осы ісінің арқасында өстік. Арқасынан тастамайтын. Атқа мінсе, апамен атқа да мінетінмін. Көп нәрсе үйретті. Көрпе тігетін. Киіз басатын. Соның бәрін көрдік.

Анасынан небары 3 жасында жетім қалған Түймегүл әже ес білгеннен еңбектің жолында келеді. Небір нәубетті көзбен көрген. Жары Аязбай ақсақал да ғасырға жуық жасап, 95 жасында дүниеден өткен. Кейуана көп жасаудың сырын адал еңбек және жақсы ниетпен байланыстыратын көрінеді.

Сөртібай Темірбай, Т. Темірбаеваның ұлы:

- Көп жасаудың өзі сол жүріп-тұрғандығы ғой енді. Отырмайды. Ауырса өзін-өзі емдеп алады. Біз ауырдым дегенін естіген жоқпыз. Ауырғанда тұмау болса, дәрі ішіп, жүріп кетеді. Отырмайды, қазір де отырмайды. Шөберелері ғой солардың артынан жүреді. Аңдып. Солар бірдеңе сұраса тамағын береді. Сыртқа шығып жан жақтың бәрін байқап жүреді.

Түймегүл әженің елдегі ең қарт тұрғын екенін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі де растаған. Кейуананың жасы қазір 115-те. Бауырынан өрген 4 баладан 15 немере, 25 шөбере сүйіп отыр.