Құнды кітаптардың 2 мыңға жуық парағы қалпына келтірілді
Қолжазбалар және сирек кітаптар Ұлттық орталығында құнды оқулықтардың 2 мыңға жуық парағы қалпына келтірілді.
Олардың арасында «Фиһ мәселелері» кітабы бар. Реставраторлар небәрі бір жылда көне жәдігер саналатын оқулықтың әрбір фрагментін қайта өңдеп шығарды. Бұл басылымның жарық көргеніне 130 жылдан асты. Онда 19 ғасырдағы діни шығармалар жазылған. Беттері әлдеқашан сарғайып, кейбір жазулары тіпті көрінбей қалған. Алайда суретші-реставратор Жансерік Бисенқұлов оны қалпына келтіруге болады дейді.
Жансерік Бисенқұлов, суретші-реставратор:
- Алғашқы процедуралар реставрацияға дайындау болатын болса, қазіргі нақты реставрацияның өзі басталады. Яғни өсіру «наращивание» деп аталады. Жапон қағазы және органикалық желім арқылы. Бұл қағаздың ерекшелігі мұнда біз жабыстырып жасағанда желімдегенде басқа қағаздар сияқты ерекшеленіп қатты қалыңдық бермейді. Бұның талшықтары өте ұзын болып келеді.
Көне кітаптардың өңделіп-жөнделуі шағын ғана бөлмеде іске асады. Мұнда таңнан кешке дейін мамандар көне туындыларды қалпына келтіреді. Бұл жұмыстың да бірнеше сатысы бар. Бір кітапты жөнге келтіру үшін бір айдан аса уақыт қажет.
Балша Әшірбекова, Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының бас сарапшысы:
- Реставрацияға дайындалу процесі бар. Алдымен дезинфекция жасаймыз. Кітаптың қажетті жерін арнайы сумен ылғалдандырып, оны жақсылап кептіреміз. Осылайша маңызды миссиямыз басталады. Реставрация барысында тек қолмен жұмыс істеу керек. Қайшыны қолдану қауіпті. Себебі үлбіреп тұрған парақтар аса ыждағаттылықты талап етеді.
Реставраторлар біліктілігін үнемі арттырып отырады. Сол арқылы мамандар қолжазбаны сақтауда заманауи әдістерді қолданып, түрлі материалдармен жұмыс істеуге бейімделеді екен. Негізі ел бойынша суретші-реставраторлар көп емес. Сондықтан жаңа дағдыға ие болғандар, шетелден алған білімдерін отандық әріптестеріне бөлісіп тұрады.
Сырым Ботабеков, Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының бөлім басшысы:
- Бөлім қызметкерлері шетелдік тағылымдамадан өтіп келген. Ол мысалы Корея, Ресей, Иран сияқты мемлекеттерден өз білімін жетілдіріп келген. Енді бөлім қызметкерлері өздері ғана біліп қоймай, ол білімдерімен отандық әріптестерімен бөлісуде. Яғни біздің орталығымызда арнайы курстар ұйымдастырылған, реставратор мамандардың біліктілігін жоғарлату курстары. Бұл курсқа қазір 40-тан астам маман қатысты.
«Астанадағы Қолжазбалар және сирек кітаптар Ұлттық орталығы бес жылдан бері жұмыс істеп тұр. Осы уақыт ішінде реставраторлар 150-ге жуық құнды кітапты қалпына келтірген. Мұнда келетін ғалымдар мен өзге де оқырман тарапынан тарихи, діни және ғылыми туындыларға сұраныс жоғары», - дейді мамандар.