Қазақстан мен Түркия Парламентаралық ынтымақтастықты арттырады
Қазақстан мен Түркия Парламентаралық ынтымақтастықты арттырады. Еліміздің Мәжіліс спикері бастаған бір топ депутат Түркияға ресми сапармен барып, Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің басшысы Нуман Куртулмушпен кездесті.
Қазақстандық делегация сапарын Түркияның ұлттық көсемі Мұстафа Кемал Ататүрік мавзолейіне барып, мемлекеттің негізін қалаған қоғам қайраткерінің рухына тағзым етуден бастады. Анкара төріндегі Аныткабир – түрік халқының рухани символына айналған орын. Елдің тұңғыш Президенті әрі ұлт көсемі Мұстафа Кемал Ататүрік осы кешенде жерленген.
Қазақ-түрік қатынасы – ғасырлардан жалғасқан бауырластыққа негізделген. Қазір қос ел арасындағы стратегиялық әріптестік 30 жылдан астам уақыт бойы дамып келеді. Бүгінде Түркияда бірқатар бірлескен жоба жүзеге асуда. Ал екі ел арасындағы тауар айналымын 10 млрд долларға жеткізу межесі тұр. Мәжіліс төрағасының сапары – осы серіктестікті саяси деңгейде нығайтып, Парламентаралық диалогты жаңа кезеңге көтереді.
Қос елдің Парламент спикерлері Ерлан Қошанов пен Нуман Куртулмуш Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінде екіжақты кездесу өткізді. Парламентаралық ынтымақтастықтың перспективалары әңгіменің өзегіне айналды. Тараптар заң шығару бағытындағы байланысты тереңдетуге келісті.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Мемлекеттеріміздің арасындағы қарым-қатынас ерекше жақын дер едім. Бұл жақындығымызды екі ел көшбасшылары арасындағы бауырлық байланыстан-ақ аңғаруға болады. Президенттеріміздің арасында мызғымас достық, сыйластық байланыс бар. Олар өте жиі кездесіп тұрады. Әр кездесуі ынтымақтастықты тереңдетуге зор серпін береді. Дәл осындай достық қарым-қатынас Парламент деңгейінде де қалыптасты. Алда біз өз тарапымыздан екі ел басшыларының уағдаластықтарын заңнамалық тұрғыда жүзеге асыратын боламыз.
Тараптар көпжақты форматта да ықпалдастықты одан әрі тереңдетуге ниетті. Бұл ретте Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясы аясындағы жұмысқа ерекше мән берілмек. Аталған ұйымға төрағалық биыл Қазақстанға өтеді. 11-12 маусымда Астанада ТҮРКПА-ның отырысы жоспарлануда. Оған түрік тарапы қатысатынын айтты.
Нуман Куртулмуш, Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы:
- Біз Қазақстанның әр жетістігіне шын қуанамыз. Былтыр Қазақстанда ресми сапармен болдым. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен және өзіңізбен өткен кездесулерде екі ел арасында байланысты одан әрі жетілдіруге ықпал ететін маңызды тақырыптарды талқыладық. Бүгін сол әңгімені жалғастырып жатырмыз. Біз достық топтарымыздың және халықаралық ұйымдардың аясында бірлескен жұмысты нығайтатын боламыз.
Екі ел арасындағы стратегиялық әріптестік тек сауда-экономикалық салада ғана емес, мәдени, білім және рухани жақындастықта да ерекше маңызға ие. Мәжіліс төрағасының бұл сапары қазақ-түрік достығының тағы бір жарқын көрінісі.