Атырауда балық өнеркәсібі дамып келеді
Атырау облысында балық өңдеу өнеркәсібі дамып келеді.
Бірлік ауылындағы Қиғаш өзені мен Каспий теңізінен су маржанын терушілер өздері өңдеумен айналысып, өнімді ішкі және ТМД нарығына шығарып отыр. Жергілікті цех тәулігіне 30 тонна балық өңдейді. Жалпы былтыр облыс 4 мың тоннадан астам өнім экспортталды. Бірлік ауылындағы шағын цех тәулігіне 30 тоннаға дейін балық қабылдай алады. Мұнда су маржандары сұрыпталып, тоңазытқыштарға жіберіледі. Ал мына цехта тұздалған балық кептіріліп дайын өнімге айналады. Қазір жұмыстың қызған кезі. Сондықтан 50-ге тарта балықшы екі ауысымда еңбек етіп жатыр.
Жанаргүл Ғұбашева, балық сұрыптаушы:
- Маусым сайын осы цехқа жұмысқа келеміз. Біздің жұмысымыз балықты сұрыптау, оны қатырып клиенттерге өткізу. Келіп жатқан сазан, көксерке табан, сосын ұсақ балықтар. Бұрынғыдай емес, аз.
Әйгілі Каспий балығына сұраныс қашан да жоғары. Қазірдің өзінде өңделген өнім Украина, Грузия, Әзербайжан және Ресейге экспортталып жатыр. Сонымен қатар ішкі нарықтың қажетіне орай, Қарағанды, Алматы, Орал және Ақтөбеге жіберіледі.
Бақытбек Иманов, өңдеу цехының басшысы:
- Күніне мұздатуға 30 тонна балық қабылдай аламыз. Біздің 100 тоннаға ыдысымыз бар. Мына келіп тұрған машинамыз Алматыға жүк тиейін деп тұр. Сосын түстен кейін тағы бір машина келеді, ол Астрахан қаласына тиейді. Көптен жинап отырған балығымыз ғой.
«Қиғаш өзенінде 5 балықшы шаруашылық бар. Олар соңғы жылдары өнімді өздері өңдеп тауар ретінде экспорттауға ден қойған. Былтыр облыс бойынша 4 мың тоннадан астам балық өңделіп экспортталды. Ол жалпы ауланған балықтың 50 пайызы. Бірақ соңғы жылдары өзен таязданып, кәсіп оңалмай келеді», - дейді балықшылар.
Бақытбек Иманов, өңдеу цехының басшысы:
- Каспий теңізіміздің де деңгейі төмендеп барады. Соған байланысты балық қоры азайып кетті. Біздің балықшыларымыздың аулайтын жері теңіз жағалауы ғой, ол жағалауда су өте аз. Балық кірмейді. Сондықтан каналды қазып, мына қиғаш өзенінің аузын қазса, балық кірер деп ойлаймыз.
2021 жылдан бері Қиғаш өзенін түп тереңдету жұмысы қолға алынды. Осы күнге дейін оның 77 шақырымы аршылды.