Елорда көшелері мен саябақтарын көгалдандыру жұмыстары басталды
Астанада көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Биыл миллионнан астам көшет отырғызылады. Көздің жауын алар әсем гүлдер мен жергілікті климатқа бейімделген жасыл-желек бас шаһарға көрік бере түспек.
«Бас қала жуырда түрлі түске боялады. Барлық көше мен саябақтар, тағы ойын алаңдарының айналасы көгалдандырылады. Қала тұрғындарының гүлдерге деген талғамы да ескерусіз қалмайды. Қазірдің өзінде жұмыстар қарқын алды», - дейді агрономдар.
Гүлнұр Имамбекова, «Астана бас жоспары» ҒЗЖИ» ЖШС Ландшафт дизайны және сәулет орталығының жетекшісі:
- Биыл алдымызға қойған тапсырма ауқымы кең. 180 қоғамдық кеңістік пен аулаларды абаттандырып, көгалдандыру жоспары тұр. Көшет отырғызу, әлбетте, оңай жұмыс емес. Әр бұтаға, әр өсімдікке, әр гүлге күтіммен және ұқыптылықпен қарау керек. Осы жұмыстарды сапалы істеу үшін коммуналдық қызмет пен мердігер мекемелер жұмылдырылды.
Әлбетте, кез келген өсімдікті жерсіндіру үшін мамандар қаладағы қолайлы көшелер мен саябақтарды таңдайды. Жердің толық кеуіп, топырақтың жылынғанын күтеді. Тағы ауа температурасы +10 градустан жоғары болуы керек. Ары қарай аумақ қоқыстан тазартылады. Көгалдандыру – қажырлы еңбекті талап етеді. Жұмыстар әдетте сәуірде басталып, қазан айына дейін жалғасады.
Бақтияр Шаймұхамбетов, «Астана бас жоспары» ҒЗЖИ» ЖШС Урбанистика орталығының агрономы:
- Өсімдік түрлерін таңдаған кезде бірінші кезекте еліміздің құбылмалы климатына деген төзімділігі қаперге алынады. Сонан соң егілетін нақты аумағына қарай іріктеледі. Көлеңкеге немесе Күн көзіне ұзақ уақыт бойы шыдас беретін өсімдіктерге басымдық беріледі.
Астананың ажарын маусымдық және көпжылдық гүлзарлар ашпақ. Біржылдық гүлдердің 15 сұрыпы айналаны 30 түрлі түске бояса, көпжылдық гүлдердің қатарын көкжалбыз, шатыраш, арша және шығыс гүлі толықтырады. Ал көпшілікке ұнайтын шырайгүл мамыр айындағы құралайдың салқынынан кейін егіледі.