Сүт өнімдерінің бағасын арзандатуға бөлінген субсидияны жымқырғандар сотталды
Қарағандыда сүт өнімдерінің бағасын арзандатуға арнайы бөлінген 339 миллион теңге көлеміндегі мемлекеттік субсидияны жымқырғандар сотталды, деп хабарлайды 24kz.
«Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту» ұлттық жобасы аясында бөлінген қаржыны талан-таражға салғандардың ісін қаржы мониторинг агенттігінің облыстық департаменті тергеді.
Айта кетейік, «DIAS» шаруа қожалығының басшылары жергілікті ветеринарлармен келісіп, субсидия алу мақсатында ірі қара мал, сондай-ақ сүт өнімдерін өндіру және сату туралы жалған құжаттар тапсырған. Алайда іс жүзінде соның біріде жасалмаған. Күдіктілер жымқырылған субсидияның бір бөлігін 60 асылтұқымды бұқа сатып алуға жұмсаған. Нәтижесінде 9 млн теңге субсидия түрінде қосымша қылмыстық табыс тапқан. Сот үкімімен күдіктілер кінәлі деп танылып, 5 жылдан 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ сот Ауыл шаруашылығы басқармасының 339 млн теңге азаматтық талабын қанағаттандырды.