Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл: татулық пен бірліктің темірқазығы

Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толды.

Осы жылдар ішінде бұл ұйым елдегі ұлттар мен ұлыстардың татулығы мен өзара сыйластығының нышанына айналды. Этномәдени бірлестіктердің ішінде айтарлықтай белсенділік танытып жүргендердің бірі - татар-башқұрт орталығы. Бүгінгі таңда Павлодар облысында 300-ден астам татар-башқұрт халқының өкілдері тұрып жатыр. Олар аймақтың мәдени өміріне белсене араласып, дәстүр мен тарихты ұлықтауда елеулі жұмыс атқарып жүр. 

Павлодар облысындағы татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің құрылу тарихы 1989 жылдан бастау алады. Сол жылы алғаш рет Павлодар қаласында Сабантой өткізілген екен. Ол аймақ татарлары мен башқұрттары үшін маңызды кезең болып тарих қойнауына енді.

Минироза Серажетдинова, Татар-башқұрт этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары:

- 1989 жылы Қазақстанда Татарстанның мәдени күндері өтті. Сонымен, Қазаннан ең танымал композиторлар, ақындар, әртістер келді. Міне, олардың келуі, бұл іс-шара біздің орталықтың құрылуына серпін берді.

Ғайнутдин Тәшімов - Татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің белді мүшесі. Ақсақалдың айтуынша, ата-анасы қазақ жеріне өткен ғасырдың орта тұсында келген. Ол сонау тың игеру жылдары еді. Қазақ жерінен пана тапқан көптеген ұлт пен ұлыс өкілдері сияқты татар-башқұрттар да еңбек етіп, түтін түтетті. Өнер мен мәдениетті дамытуға үлес қосты.

Ғайнутдин Тәшімов, «Чишма» татар-башқұрт ансамблінің жетекшісі:

- Біз бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Салт-дәстүрімізді, мәдениетімізді, өнерімізді сақтауға барлық жағдай жасалған. Мен өнерге жақын адаммын. Оны кейінгі ұрпаққа  насихаттап келемін.

Ғайнутдин Тәшімов жетекшілік ететін «Чишма» вокалдық-хореографиялық ансамблі - татар-башқұрт орталығының мақтанышы. Өнер ұжымы көрерменін ұзақ жыл бойы ұлттық нақыштағы әсерлі ән-биімен қуантып келеді.