Атыраудағы «Былина» кітапханасының қоры 40 мыңға жетті

Атыраудағы «Былина» орыс этномәдени бірлестігі өңірдің мәдени және рухани дамуына айтарлықтай үлес қосып келеді.

Бірлестік жанынан халықтық кітапхана ашылып, бүгінде оның қоры 40 мың данаға жеткен. Қазіргі уақытта кітапхананың 600-ге жуық тұрақты оқырманы бар. Мұнда өткен ғасырда жарық көрген сирек кездесетін әдеби шығармалармен қатар, Атырау өңірінің тарихынан сыр шертетін бірегей фотосуреттер де сақталған. Бұл кітапхана тек білім мен ақпарат көзі ғана емес, сонымен қатар тарихи-мәдени мұраны сақтаудың маңызды орталығы ретінде де бағаланады.

Кітапхана «Былина» орыс этномәдени бірлестігінің жанынан 2018 жылы ашылған. Алғашында тұрғындар үйдегі кітаптарын әкеліп табыстаған. Қазір кітапхана қоры ұлғайып, оқырмандар бас қосатын қоғамдық орынға айналды. Мұнда өткен ғасырдың 50-жылдары шыққан әрі сирек кездесетін шығармалар да бар.

Қанипа Өтекова, кітапханашы:

- Оқырмандар өздері әкелген кітаптар, бізге ұсынылған кітаптар, онымен қатар жазушыларымыз да біздерге өздері әкеліп ұсынған кітаптар бар. Классикалық жанрда, детектив жанрындағы кітаптар қазіргі кезде сұранысқа ие.

Мұнда белгілі қоғам қайраткерлері мен ақын-жазушылардың еңбектері топтастырылған. Көне Гурьев қаласының тарихынан сыр шертетін фотосуреттерді кездестіруге болады. Кітапханада ақын-жазушылармен кездесу де ұйымдастырылып тұрады.

Андрей Кораблёв, «Былина» орыс этномәдени бірлестігінің төрағасы:

- Мұнда ақын-жазушыларды шақырып, әдеби кештер өткіземіз. Мемлекет басшысы айтқандай, кітап оқитын ұлт – озық ұлт. Осы мақсатта кітапханалардың да жұмысын жандандыру маңызды. Біз тұрғындардың кітапқа деген қызығушылығын ояту үшін жұмыс істеп жатырмыз.

Қазір облыста 18 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Олардың барлығы дерлік өңірдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына үлес қосып келеді.

Надежда Есова, «Қоғамдық келісім» КММ этномәдени бірлестіктермен жұмыс бөлімінің басшысы:

- Этномәдени бірлестіктер қайырымдылық шаралардан тыс қалмайды. Аатап айтқанда «Мектепке жол», «Помоги ближнему», «Қамқор», «Біз біргеміз», сондай-ақ былтыр болған су тасқынында осы көптеген өздерінің көмектерін көрсетіп халыққа, аз қамтылған, көпбалалы, жалғызбасты зейнеткерлерге өздерінің үлестерін қосып, үнемі қамтамасыз етіп келеді.

Өңірде тұрып жатқан 80-нен астам ұлт өкілдерінің қазақ еліне деген алғысы шексіз. Олар қиын-қыстау кезеңде қол ұшын созған жандардың қамқорлығын ұмытпайтынын айтады.